Оразалин: Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының алған білімі

26 Тамыз 2021, 15:14
4959
Бөлісу:
Оразалин: Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының алған білімі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін дәстүрлі тамыз кеңесі – алқалы жиын ғана емес, өткен жылдың жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, алда тұрған межені айқындайтын басқосу,  деп жазды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook-тегі парақшасында.

Биылғы оқу жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтой қарсаңында басталғалы отыр. Яғни, өскелең ұрпақ тәуелсіздік жылдарының жетістігінің нәтижелерін көріп қана қоймай, осы жетістікке жетуде қандай қилы-қилы жолдардан өттік, неден ұттық, неден ұтылдық, соның бәрін де бағамдай білуі тиіс.

Білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, барынша жағдай жасау –мемлекетіміздің ең басты міндеттердің бірі. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі, - деп жазды Оразалин.
Оразалин: Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының алған білімі

«Алты алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі». Мұны Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтпайды.
Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының мұғалімнен алған білімі. Білім саласындағы реформалар осыған басымдық бергенде ғана мұғалімнің шынайы мәртебесі анықталмақ. Бүгіндікке елімізде педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Педагог мәртебесі туралы Заң мұғалім мәртебесінің қоғамдағы беделін шынайы көтереді деп сенеміз. Осы мақсатта «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі, «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы, біржолғы сыйақы төлемдері тағайындалды. Алдағы уақытта да бұл қолдау жалғасын табатын болады.

Біздің бүгінгі стратегиялық бағытымыз – әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді пайдаланып, өз еліміздегі даму, өркендеу сатысындағы игі істерді ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып ұрпақты тәрбиелеу. «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының астарынан бір ғана мәселені, яғни, бала тәрбиесінің өте күрделі үдеріс екендігін айқын аңғаруға болады. Тәрбиені қажет ету мәселесінің адамзат қоғамымен бірге жасап келе жатқаны да талас тудырмайды. Өйткені, жас ұрпақ ғасырлар бойында қалыптасып, жүйеленген тәлім-тәрбиені, баба салтын санасына біртіндеп сіңіріп, оны дағдыға айналдырып отырады. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби де тәрбиеге ерекше мән береді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген қағидасын әрбір ұстаз жатқа біледі деп ойлаймын. Олай болса, алдағы мақсат-міндеттерді айқындау барысында осы бір маңызды мәселе әрдайым назарда ұсталғаны абзал. Ендеше, осы мүмкіндікті пайдаланып барлық ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Жасампаздық жолындағы еңбектеріңізге абырой тілеймін!, - деді облыс әкімі.
Оразалин: Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының алған білімі


Өзгелердің жаңалығы