Оразалин: Қазақстан мен Ресей өңірлік интеграцияны тереңдетуді сенімді түрде жалғастыруда

22 Қараша 2019, 04:28
4959
Бөлісу:
Оразалин: Қазақстан мен Ресей өңірлік интеграцияны тереңдетуді сенімді түрде жалғастыруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин "Орынбор – Еуразия жүрегі" халықаралық форумы аясында өткен "Ұлттық бастамалардың азаматтар мүддесіндегі еуразиялық интеграциясы" атты пленарлық отырысқа қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Форумға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Белоруссия және басқа да елдерден келген 3 мыңнан аса қатысушы жиналды.

"Орынбор – Еуразия жүрегі" - бұл алдымен тәжірибе алмасу, мемлекеттер мен субъектілер арасында қалыптасатын қарым-қатынас. Бұл қарым-қатынас біз үшін маңызды, біз соны дамытуға, нығайтуға және өңірлер мен мемлекеттердің халқы үшін жасауға мүдделіміз. Шекаралас өңірлердегі әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас жасап, жобаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз,- деді Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер.

Оңдасын Оразалин халықаралық форумның жыл сайын белең алып, өңірлердің туристік, инновациялық және инвестициялық әлеуетін дамытуға ықпал етіп жатқанын атап өтті.
Қазақстан мен Ресей өңірлік интеграцияны тереңдетуді сенімді түрде жалғастыруда, ал Ақтөбе мен Орынбор облыстарының өзара қарым-қатынасы - табысты өңіраралық әріптестіктің жарқын үлгісі.

Біз тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Бұл біздің мемлекет басшыларымыздың стратегиялық серіктестігінің жалғасы.

Ресей, атап айтқанда Орынбор облысы біздің ірі сыртқы саудадағы серіктесіміз болып табылады. Ірі бизнес саласында тығыз әрі өзара тиімді қатынастар жолға қойылған. ШОБ, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы серіктестік дамып жатыр. Ақтөбе облысының Ресеймен арадағы тауарайналымы биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 676,3 млн долларды құрады, соның ішінде экспорт 245 млн доллар, импорт  431,3 млн доллар. Орынбор облысымен арадағы тауарайналым 48,2 млн долларды құраса, оның ішінде экспорт үлесі 18,2 млн доллар, импорт  29,9 млн доллар. Ресей капиталы бар өндіріс саны да жыл сайын артып келеді: бүгінде біздің облыста жұмыс жасап жатқан 1 084 шетелдік компанияның 534-і Ресейдікі,- деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.
Бұған қоса серіктестікті әрі қарай дамыту әлеуеті әлі де үлкен және оны жүзеге асыруда өңірлер арасындағы көліктік-логистикалық байланысты дамытудың да маңызы зор.
Бұл форумда Орынбор облысының билігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық серіктестік туралы келісімді жүзеге асыру үшін 2020-2022 жылдарға "Жол картасы" жандандырылды. Өңірлік биліктердің осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін нақты жобаларымен, идеяларымен және бастамаларымен белсенді түрде іске кіріскендері маңызды,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсарту, Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарадан өтетін жерлердің өткізу мүмкіндіктерін кеңейту сұрақтарына баса назар аударды. Форум барысында "Шағаршын-Жайсаң" бекетінің шекара маңындағы жолдарының өткізу қабілетін арттыру жөніндегі бірлескен әрекеттерінің жоспарына қол қойылды.

Сондай-ақ, қазақстандық тараптың жалпы шекаралық өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, бірлесіп кәсіпорындар құруға мүдделі екені айтылды. Ақтөбе облысындағы Шоқаш кен орнының негізінде тау-химиялық кешенін салу келешегі бар Весенне-Аралчинск мырыш кен орнын, Ащысай және Новомихайловское кен орындарын игеру жобалары оң тәжірибе ретінде келтірілді.

Форум соңында Орынбор облысымен өткізілетін іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы