Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстаған адамның құрметке ие болатын сәті – Бас мүфти

2 Мамыр 2022, 09:45
1885
Бөлісу:
Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстаған адамның құрметке ие болатын сәті – Бас мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықты Ораза айт мерекесімен құттықтады, Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Құрметті отандастар!

 Сіздерді күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын, ағайын! «Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Ораза айт мейрамында жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайды. Осынау сәулелі сәтте баршаңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жанұяларыңызға жар болсын! 

Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын сәті. Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді. Раббымыз баршамыздың қуанышымызды арттырып, екі дүниеде де мерейімізді үстем еткей.

Алла Тағала ұстаған оразамызды, мұқтаж жандарға үлестірген зекетіміз бен пітір садақамызды, берген ауызашарымызды қабыл етіп, мол сауап жазғай. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда көңілі жабырқау жандардың жүрегіне қуаныш сыйлауға тырыстық. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамасына үн қосып, мешіттерімізде атқарылған ізгі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосқан барша жомарт жандарға Алланың нұры жаусын деймін. Ізгі амалдарыңыздың жақсылығы мен сауабы арта түсуіне тілектеспін. Қадірлі жамағат! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала баршамызды келесі Рамазанға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, еңселі еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин! – делінген құттықтау мәтінінде.

Өзгелердің жаңалығы