Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алла жазса, аз күннен кейін Рамазан айына да жеткелі отырмыз. Бұл исі мұсылман жұрты асыға күтетін, нәпсісін тежеп, құлшылығын арттыратын ай. Бұл айда әр мұсылман таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылып, иманын күшейтеді. Дегенмен, әр адам рамазан айына іштей, рухани дайындықпен келгені жөн. Ол қандай дайындық? Иманды қалай күшейтуге болады? Ораза ұстаушы кісі нені ескеруі керек? Бұл сұрақтардың жауабын исламтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаевтан сұрағанды жөн көрдік.
– Аға, Алла жазса, Рамазан айына да жақындап қалдық. Бұл айға қандай дайындық керек?
– Оразаға дайындық демекші, бастысы ораза жайында мынадай мәліметтерді біліп алған жөн: Ораза – арнайы ниет етіп, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден тиылу және ер мен әйелдің қосылуынан сақтану дегенді білдіреді. Сондықтан ең алдымен рамазан айының оразасын ұстауға шынайы ниет ету керек.
Сосын күнделікті қалаған уақытында тамақтанып үйреніп қалған кісі үшін бірден оразаны бастап кету кейде біраз қиындық туғызып жатады. Себебі, ол кісінің ой-санасы да, организмі де оған дайындалмаған. Дағдыланбаған. Сондықтан Рамазан айына дейін сананы да, асқазанды да аштыққа үйретіп алған абзал.
– Яғни, иманды күшейту керек дейсіз ғой. Сонда әлсіреген иманды қалай күшейтуге болады?
– Ол үшін рамазанға қатысты ақпараттар оқып, иманды күшейтетін дұғалар жаттап, Құран оқып өз-өзін тәрбиелеу керек. Сонда бұл айды сергек және қиындықсыз өткізеді.
Осы орайда жүректегі тасты ерітіп, Жаратушы құзырына мүләйім әрі мейірімді жүрекпен баруға көмектесетін бірнеше әдісті ұсынғым келеді.
Бірінші – Алла Тағаланы тану: кімде-кім Раббысын шынайы таныса жүрегі мейірімді, ал кім Раббысын есінен шығарса оның жүрегі тас болады.
Екінші – Өлімді және одан кейінгі халді қаперінен шығармау: қабірдегі сұрақ-жауапты, қараңғылық зұлматты, қабірдің үрейі мен тарлығын және ажалдың сұстылығы мен өлім аузындағы халді ойдан шығармау қажет.
Үшінші – Қабірді зиярат етіп, ондағылардың ахуалы жайында ой-жүгірту.
Төртінші – Құран Кәрімнің аяттарына назар салу.
Бесінші – Аллаға көптеген зікір айту және жарылқау тілеу.
Алтыншы: Салихалы, ізгі адамдармен достасу, олармен дос болу да адамға көп пайдасын тигізеді.
– Ал ораза ашығудан басқа адамға не береді?
– Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі десе болады. Бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен тынымсыз айқасады.
Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Алла разы болмайтын барша істерден, сөздер мен қылықтардан тыйылып, күллі ізгілікке бет бұру.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): "Алланың елшісі (с.ғ.с): "Алла Тағала: Адам баласының күллі амалы қарақан басы үшін. Тек ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін – дейді", – деген.
Ораза Қиямет күні ауыз бекіткен жан үшін шапағат етеді. Сол күні ораза Аллаға: "Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеу, ләззаттан тыйдым. Сол себепті, оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!" деп тілек тілейді. Алла Тағала да оразаның бұл тілегін қабыл алып, оның шапағат етуіне рұқсат етеді (Әл-Мунзири, әт-Тарғиб, 2/84).