Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Қазақстанға келген танымал шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан туралы өз елдерінде ақпарат жариялайтын журналистер қауымымен отандық туризмді дамыту перспективалары туралы сөйлестім. Біздің елімізге 10 елден журналистер келді. Бұл Бельгия, Германия, Катар, Сауд Арабиясы, Мексика, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия және АҚШ. Көріп отырғаныңыздай, географиялық ауқымы өте кең және әртүрлі. Біз үшін мұндай кездесулер - бюджет қаражатын жұмсамай, Қазақстанды туристік дестинация ретінде шетелде ілгерілетуге арналған жақсы мүмкіндік, - деді министр.
Қонақтар қазақстандық туризмге үлкен қызығушылық танытты, көптеген қызықты сұрақтар қойып, тіпті ұсыныстар да айтқан.
Журналистерді еліміздің туризміне қай елдер көбірек инвестиция салатыны, сондай-ақ негізгі дестинацияларда инфрақұрылымды дамыту жоспарлары, логистика және тіпті спорт мәселелері қызықтырды. Мысалы, олар параспортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы жетістіктерінің құпиясы туралы сұрады. Мен Қазақстанның 10 басты туристік бағыты, маңызды көрікті жерлер және оларды алдағы уақытта дамытуға ниетті екенімізді айттым. Сондай-ақ, қонақтардың назарына «Kazakh Tourism ҰК» АҚ-ның еліміз туралы және басты туристік орындар туралы мәнді ақпараты бар видеоролик пен презентация ұсынылды, - деді Асхат Оралов.
Ол журналистерді келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғанын айтты.
Әрине, бір ғана кездесу аясында Қазақстан туралы бәрін айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан кездесуден кейін көп ұзамай шетелдік қонақтар Түркістанға, содан кейін еліміздің басқа өңірлеріне барып, туған отанымыз туралы білгендерін өз отандастарына таныстырады. Қазірдің өзінде олар әлеуметтік желілердегі жазбаларында, Қазақстанның рухани астанасы мен халқымыздың қонақжайлығы, мейірімділігі оларға жағымды әсер қалдырғаны туралы жазыпты. Ел көрсем, жер танысам деген әуесқой жиһанкездер үшін бұл Қазақстанға келуге ынталандыратын мүмкіндік екеніне сенімдімін. Кездесудің соңында мен журналистерді келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырдым. Ауқымды іс-шара елордаға басқа елдерден келген туристерді жинайды, - деді ол.