Оралов министрліктің алға қойған міндеттерін атады

25 Қаңтар 2023, 11:53
1146
Бөлісу:
Оралов министрліктің алға қойған міндеттерін атады

Ат жалында азамат болып ер жеткен қазақ халқы ежелден спортқа бейім. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Өздеріңізге белгілі, ел спортының ертеңін еңселеу, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың борышты міндетіміз болуға тиіс. Жалпы, дене тәрбиесі – жан саулығымызға жауап берсе, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – ел айбыройын асқақтатар елеулі сала.

Ат жалында азамат болып ер жеткен қазақ халқы ежелден спортқа бейім. Намысты қолдан бермеу, елдіктің туын жықпау – біздің қашаннан қанымызда бар қастерлі қасиет, – деді министр спорт және дене шынықтыру саласындағы негізгі міндеттерге арналған кеңейтілген алқа отырысында.

Ораловтың айтуынша, оның бәрі отандық спорттың халықаралық додалардағы жарқын жетістіктері мен жоғары көрсеткіштерінен байқалады. 
 

Дегенмен, сол қарқынды қадамдарымызға әлі де әлеуетті серпін қажет. Әлемдік ареналарда көк Туымыздың жоғары желбіреуіне, ел рухының биік асқақтауына әрқайсымыз үлесті болуымыз керек, – Асхат Оралов.

Ол Мемлекет басшысының сөзін мысалға алды.

Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз. Біздің басты міндетіміз – білімге құштар, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру болмақ, – деді ол.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, министрлік алдында бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр.

Өзгелердің жаңалығы