Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда жастар төбелесінен кейін тағы бір адам көз жұмды. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлімдеді.
Естеріңізде болса, бұғандейін, 6 ақпан күні жастар төбелесіп, біреуі қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.
Сол төбелесте тағы екі адам облыстық ауруханаға жатқызылғаны туралы айтылған. БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, соның бірі, 1988 жылғы тұрғын кеше ауруханада қайтыс болды.
Бастапқыда оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалған болатын. Енді ол қайта дәрежеленіп, ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне (екі немесе одан көп адамды өлтіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде, - деді Болатбек Белгібеков ҚазАқпарат тілшісіне.