Оралда жаңа модульдік градирня іске қосылды

17 Маусым 2023, 09:50
805
Бөлісу:
Оралда жаңа модульдік градирня іске қосылды
Фото: БҚО әкімдігі

Орал қаласындағы Жылу электр орталығында жаңа блокты-модульдік градирняның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандардың айтуы бойынша турбоагрегат пен градирняны қайта құру жобалары қаланың жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда градирняны қайта жаңарту толық аяқталған. Қондырғыны ауыстыру өндірілетін электр энергиясын 12 МВт ұлғайтуға мүмкіндік берді, ал жалпы электр энергиясын өндіру 58 МВт құрайды. Градирняның іске қосылуы Жайық өзенінен жылу электр орталығының қажеттілігіне пайдаланылатын техникалық судың көлемін азайтады, сонымен қатар, жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберуді тоқтатады.

Бүгін "Жайық жылу қуат" АҚ мекемесінің жұмысшылары мен қала тұрғындары үшін қуанышты күн. Көптен күткен жоба іске қосылғалы тұр. Мекеме облыс және қала тұрғындарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған бірден бір мекеме. Бүл жобаны іске қосу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 6 млрд қаржы бөлінді. Турбогенератор мен градирняның іске қосылуы қысы-жазы үздіксіз жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның үздіксіз жүмыс жасауына атсалысып отырған барлық жұиысшыларға алғыс білдіремін, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев салтанатты шараның ашылуында.

Анықтама:1953 жылы - Жылу электр орталығының құрылысы басталған.

1960 жылы 22 желтоқсан – алғашқы 12 МВт турбоагрегат жұмысқа қосылған.

1961 жылы 2 қаңтарда – № 2 қазандық,

1961 жылы желтоқсанда – № 3 қазандық қатар іске қосылған.

1966-67 жылдары – № 4 және №5 қазандық агрегаттары орнатылған.

1969 жылы желтоқсан – қуаты 12 МВт №3 ст.турбоагрегаты орнатылған.

Оралдағы Жылу электр орталығын техникалық сумен жабдықтау көзі - Жайық өзені.

Қазіргі уақытта Жылу электр орталығын техникалық сумен жабдықтау жүйесі Жайық өзенінен су ала отырып, тікелей ағынды схема бойынша жұмыс істеп тұр.

Өзгелердің жаңалығы