Астанада ЖИ бір аптада есірткіге қатысты 421 материалды анықтады

Полиция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына байланысты 884 құқық бұзушылық тіркелген.

 Астана қаласының әкімдігі 31 Қазан 2026, 08:54
31 Қазан 2026, 08:54
250
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада интернет кеңістігіндегі есірткі саудасына қатысты контентті анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі ақпараттық жүйе таныстырылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, жүйе бір апта ішінде осындай 421 материалды анықтаған.

Жаңа бағдарлама әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, түрлі қауымдастықтар мен интернет-алаңдарды бақылап, есірткіге қатысты жарияланымдарды автоматты түрде анықтайды. Сондай-ақ олардың мазмұнын талдап, құқықтық саралау үшін материалдар әзірлейді. Ал ресурстарды бұғаттау туралы соңғы шешімді мамандар қабылдайды.

Таныстырылым кезінде жүйенің Астана бойынша мониторинг нәтижелері де көрсетілді. Бір тәулікте 79, бір аптада 421, ал бір айда екі мыңнан астам материал анықталған. Бұл – сол сәтте әлі бұғатталмаған контент саны.

Ведомствоаралық штаб отырысында есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстардың тиімділігі де талқыланды. Қатысушылар мектеп оқушылары, студенттер мен жастарға арналған іс-шараларды мазмұнды әрі нысаналы өткізу қажеттігін атап өтті.

Полиция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына байланысты 884 құқық бұзушылық тіркелген. Есірткі сатуға күдікті тұлғаларға қатысты 359 қылмыстық іс қозғалған. Оның 10-ында кәмелетке толмағандар құқық бұзушылыққа қатысқан.

Наверх