Оралда 9,7 млрд теңгеге салынып, аяқталмай қалған тергеу изоляторы енді үшке бөлінетін болды

7 Наурыз 2023, 09:43
1771
Бөлісу:
Оралда 9,7 млрд теңгеге салынып, аяқталмай қалған тергеу изоляторы енді үшке бөлінетін болды
Фото: дереккөз

2013-2018 жылдар аралығында БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті тапсырысымен Орал қаласында 1500 орындық тергеу изоляторы салынып, аяқталмай қалған болатын, деп хабарлайды БҚО-дағы BAQ.KZ тілшісі.

2017 жылы сметалық құны өзгеріп, жобаның жалпы құны 9,7 млрд теңгеге жеткен еді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының 70% жасалса да, тергеу изоляторы 5 жылдан бері қаңырап тұр.

БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ақпаратына сәйкес, аяқталмаған нысанның баланстық құны 5,1 млрд теңгені құрады.

Тергеу изоляторы аяқталмаған күйінде 2021 жылы БҚО құрылыс басқармасының теңгеріміне берілген.

Оралда 9,7 млрд теңгеге салынып, аяқталмай қалған тергеу изоляторы енді үшке бөлінетін болды

Фото: тергеу изоляторының Google Earth арқылы жоғарыдан қарағандағы бейнесі

Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бізге берген ақпаратына сүйенсек, аяқталмаған тергеу изоляторы ғимаратын үшке бөлу жоспарлануда. Онда облыстық полиция департаментінің бөлімшесі, әскери оқу орны және ҚР аумақтық қорғаудың №99250 бөлімі орналасады.

Полиция департаменті бөлімшелерін орналастыру - аталған ауданда жыл сайын халық санының өсуімен негізделеді. Ал келешектегі Ақжайық шағын ауданының құрылысын ескерсе, бұл аумақта халық саны өте тез ұлғаятын болады. Бұл шағын ауданда ішкі істер бөлімі жоқ екенін ескере отырып, Зашаған кентінің солтүстік-батыс бөлігінде ПД бөлімшелерін орналастыру - ең өзекті мәселе. Облыста әскери оқу орнының ашылуы батыс өңірінің және бүкіл Қазақстанның балаларына әскери мамандықты қосымша игеруге мүмкіндік береді. Курсанттар оқу процесінде теориялық және практикалық білім алады, жауынгерлік қару-жарақ пен техникамен жұмыс істеудің құнды дағдыларын игеруге мүмкіндік алады. Бұл аяқталмаған нысанда барлық қажетті үй-жай қарастырылған: әкімшілік ғимарат, медициналық бөлім, қоймалар, гараждар, БӨП және т. б. Оған қоса, аяқталмаған ғимарат бөлігіне ҚР аумақтық қорғаудың №99250 бөлімін орналастыру жоспарлануда. Өйткені жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бөлімшелер мен әскери бөлімнің қажетті шарттарына сәйкес келеді, - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Гайнутдинов.

Көлемі 30 мың шаршы метрден асатын бұл түрме құрылысы жемқорлық деректеріне байланысты тоқтап қалған болатын. Тергеу изоляторын салып жатқан құрылыс компаниясының басшысы, жобалық-сметалық құжаттамасын бекіткен мемлекеттік орган қызметкері мен БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің экс-басшысы жауапқа тартылды. Тергеу барысында үшеуінің мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келтіргені анықталып, жазаларын алды.

Өңір басшылары аяқсыз қалған ауқымды құрылысты қалай пайдаланарын білмей келді. БҚО-ның экс-әкімі Ғали Есқалиев "инвестор тапсақ, бұл ғимаратты медициналық мекемеге айналдырамыз" деген де болатын. Ал Орал қаласында ғимараты әбден ескірген түрмелердің жағдайы мүшкіл, мәселе шешімін тапқан жоқ.

Өзгелердің жаңалығы