Қорғаныс министрлігі Арыста қайтыс болған екінші адамның атын атады

25 Маусым 2019, 11:39
2556
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігі Арыста қайтыс болған екінші адамның атын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан қаза болған әскери қызметшінің атын жариялады.

«Қорғаныс министрлігі биылғы жылдың 24-ші маусым күні Арыс қаласында оқ-дәрілердің өртеніп, жарылу нәтижесінде келісімшарт қызметіндегі әскери қызметші аға сержант Б.М. Әлімбековтің қаза болғанын хабарлайды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қайғылы қазаға ортақтасып, туысқандары мен жақындарына көңіл айтады.

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда сағат 09:20 өртке қарсы қызметтің пультіне қоймада жарылыс болды деген хабар келіп түсті. Ол Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы өртке ұласқан. 

Бүгінде Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылып, Шымкентте 15 эвакуациялау бекет ашылды. 
Әлеуметтік желілерде куәгерлердің түрлі бейнежазбасы көбейіп кетті. Осы ретте, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты дүрліктірмей, керісінше көмектесулерін сұрады. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Бөген» су қоймасынан келетін қауіп туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

Тіпті, Арыс станция арқылы өтетін пойыздар тоқтатылды

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа барып, зардап шеккендермен кездесті. 




Өзгелердің жаңалығы