Оқытушы ретіндегі жұмысымды жалғастырамын. Аймағамбетов алдағы жоспары туралы айтты

7 Ақпан 2023, 16:03
1437
Бөлісу:
Оқытушы ретіндегі жұмысымды жалғастырамын. Аймағамбетов алдағы жоспары туралы айтты
Фото: «AMANAТ» партиясы

Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов «AMANAТ» партиясының кезектен тыс съезінің кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кешеден бастап (6 ақпаннан – ред.) елордадағы беделді жоғары оқу орнына барып, оқытушы ретіндегі жұмысымды жалғастырып жатырмын. Өйткені жиған-тергенімді, тәжірибемді жастармен бөлісу маңызды деп ойлаймын. Оның ішінде болашақ журналистер де бар. Оларға да дәріс беремін деп ойлаймын, - деп айтты Аймағамбетов.

Ол өз сөзінде қазіргі күні оқытушылық, ағартушылық жұмысын жалғастырмақ ойы барын айтты.

Ағартушылық жұмысты сайлау біткеннен кейін де қатар алып жүруге мүмкіндік бар, - деді бұрынғы бас ұстаз.

Аймағамбетов журналистердің «лауазымының төмендеп қалған жоқ па?» деген сұрағына жауап берді.

Халық үшін жұмыс істеу әрқашан үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сондай-ақ халық үшін жұмыс істеу – мәртебе. Сол себепті қандай лауазымда болсаң да, қарапайым мұғалім не дәрігер болсаң да, оның бәрі еліміздің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс. Сайлаудың нәтижесін күтеміз. Бірақ қалай болса да, қай қызметті болсын қатар алып жүруге мүмкіндік бар. Мен үшін ағартушылық, білім беру саласы үлкен қызмет, мансап болған жоқ. Ол – менің өмірлік миссиям. Өйткені мен бір нәрсеге сенемін: Қазақстанның бәсекеге қабілетті болуы үшін біз білімді ұлт болуымыз керек. Біз мәдениетті ұлт болуымыз керек. Ал оның барлығына ағартушылық жұмыс керек. Сонда ғана бізде өзгерістер болады, - деп түсіндірді ол. 

Өзгелердің жаңалығы