Баланың оқу үлгерімі, есте сақтау қабілеті мен денсаулығы оның күнделікті тамақтануына да байланысты. Оқушының ас мәзірінде қандай тағамдар болуы керек және ата-аналар неге мән бергені жөн? Бұл туралы Астана қаласының бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, теңгерімді тамақтану мектеп жасындағы баланың денсаулығын сақтаудың және жасына сай өсіп-жетілуінің маңызды шарттарының бірі.
Мектеп жасында баланың ой еңбегі мен дене белсенділігі артады. Сондықтан оқушы күнделікті тағамнан өзіне қажетті энергияны, қоректік заттарды, дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде алуы керек. Дұрыс тамақтану баланың есте сақтау қабілетіне, зейініне, оқу үлгеріміне және иммундық жүйесіне оң әсер етеді, - деді Айгүл Шағалтаева.
Оқушының ас мәзірінде қандай тағамдар болуы керек?
Бас санитариялық дәрігер оқушының күнделікті ас мәзірі әртүрлі болуы қажет екенін атап өтті. Оның құрамында ет, балық, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдері, дәнді дақылдар, көкөністер мен жемістер болғаны жөн.
Ақуыздар баланың өсуі мен дамуына қажет болса, көмірсулар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді. Ал пайдалы майлар жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
Баланың күнделікті рационында қант, тұз және қаныққан май мөлшері жоғары өнімдерді шектеген жөн. Фастфуд, чипсы, тәтті газдалған және энергетикалық сусындар балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан оларды білім беру ұйымдарында сатуға тыйым салынған,-деді маман.
Мектептегі ыстық тамақ неге маңызды?
Айгүл Шағалтаеваның сөзінше, мектептегі ыстық тамақ оқушының күнделікті рационының маңызды бөлігі саналады.
Мектеп асханалары оқушыларды сапалы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз етіп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға тиіс. Ас мәзірі әртүрлі болып, тағамның энергетикалық және қоректік құндылығы баланың қажеттілігіне сай келуі керек,-деді елорданың бас санитариялық дәрігері.
Маман дұрыс тамақтанбаған балаларда артық салмақ, семіздік, анемия, ас қорыту жүйесі аурулары мен дәрумен тапшылығының даму қаупі жоғарылайтынын ескертті.
Дұрыс тамақтану әдеті отбасында қалыптасады
Баланың қандай тағамды таңдайтынына және тамақтану тәртібіне ата-анасының күнделікті әдеттері де ықпал етеді.
Ата-ана пайдалы азық-түлікті таңдап, дұрыс тамақтану тәртібін өзі де ұстанса, бала одан үлгі алады. Осындай күнделікті дағдылар баланың дені сау болып өсуіне, жақсы оқуына және жан-жақты дамуына негіз қалайды,- деді Айгүл Шағалтаева.
Маманның айтуынша, баланың теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету- мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті.