Оқушылардың үлгерімін бақылау мен аттестаттаудың жаңа ережелері әзірленді

10 Қараша 2022, 11:42
2485
Бөлісу:
Оқушылардың үлгерімін бақылау мен аттестаттаудың жаңа ережелері әзірленді
Фото: Zakon.kz

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы ереже әзірледі, деп хабарлйды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен, оқушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау жүргізу кезінде оқушылар мен студенттердің оқу жетістіктерін бағалау формативті және жиынтық бағалау түрінде жүзеге асырылады.

Формативтік бағалау, оның ішінде үй жұмысын бағалау білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне мониторинг жүргізу мен сабақта сараланған жұмысты одан әрі құру үшін жүргізіледі және педагогтің ұсыныстары арқылы жазбаша нысанда (дәптерлерде немесе күнделіктерде/электронды журналдарда) немесе ауызша жүзеге асырылады.

Формативтік бағалау кезінде мұғалім сабақта кері байланысты жүзеге асырады. Педагог білім алушылардың санын, кері байланысты беру нысанын және жиілігін дербес анықтайды.

Формативті бағалау нәтижелері басып шығару мен ары қарай сақтауды талап етпейді.

Формативті бағалау нәтижелерін ұсыну білім алушылардың орындалған жұмыстарында және/немесе электронды журналдарда балл түрінде жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда педагог түсініктемелер енгізеді.

Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылауды тоқсан, бөлім (ортақ тақырып) аяқталғаннан кейін оқу материалдарының мазмұнын меңгеру деңгейін анықтау және қадағалау үшін жиынтық бағалау нысанында педагогтер жүргізеді.

1-сыныпта жиынтық бағалау жүргізілмейді.

Білім алушыларға балл қоймай кері байланыс беру арқылы оқу жетістіктерін формативті бағалау жүргізіледі, бұл олардың оқу жетістіктерін бақылауға мүмкіндік береді. Формативті бағалауды жүргізу нысаны (ауызша, жазбаша) және кезеңін педагог дербес айқындайды.

Формативті бағалау, бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) нәтижелері бойынша білім алушыларға тоқсандық оқу жетістіктерін бағалау кезінде ескерілетін балдар қойылады.

Сабақта БЖБ орындау үшін өткізу нысаны (бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыс, жоба, эссе, диктант, мазмұндама, шығарма, тестілеу және басқалар) мен уақытын педагог дербес айқындайды.

БЖБ үшін максималды балл 1-4 сыныптарда кемінде 7 және 15 балдан артық емес, 5-11 (12) сыныптарда кемінде 7 және 20 балдан артық емес болуы керек.

БЖБ және ТЖБ үшін қорытынды балды қою кезінде қолмен жөнделген жерлер, сондай-ақ оқу тапсырмалары мен есептер шарттарын ресімдеуі есептелмейді.

Аптасына 1 сағат оқу жүктемесі кезінде БЖБ қажет болған жағдайда бөлімдерді біріктіре отырып тоқсанына екі реттен артық жүргізілмейді, қорытынды баға жартыжылдыққа қойылады.

БЖБ тоқсанына үш реттен артық өткізілмейді. Бөлімдер/ортақ тақырыптар тоқсанына төрт және одан да көп бөлімдерді/ортақ тақырыптарды оқып-зерделеген жағдайда тақырыптардың ерекшеліктерін және оқыту мақсаттарының санын ескере отырып біріктіріледі. Оны екі кезеңде өткізуге болады.

Оқу пәндерінің күрделілік деңгейін есепке ала отырып, бір күнде үштен артық ТЖБ өткізуге болмайды. ТЖБ тоқсан аяқталатын соңғы күні өткізілмейді. Бір оқу пәні бойынша БЖБ мен ТЖБ бір күнде өткізілмейді, - делінген құжатта.

Үйде оқитын білім алушыларды бағалау кезінде педагог үйде оқитын білім алушылардың оқу жүктемесін және олардың оқып-зерделеген оқу материалын ескере отырып, сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды әзірлейді.

Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар білім алушыларды бағалау кезінде мұғалім сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды қолданады, сондай-ақ білім алушының ерекшеліктерін есепке ала отырып, оның ішінде жеке оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде бағалау өлшемшарттарына өзгерістер енгізеді.

«Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық», «Зайырлылық және дінтану негіздері» және бастауыш мектепте «Цифрлық сауаттылық» пәндері бойынша БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді және тоқсан/жартыжылдық және оқу жылының қорытындысы бойынша «есептелінді»/»есептелінген жоқ» деген белгі жазылады.

Қосымша білім беру ұйымдарында сабақтарға жүйелі түрде қатысатын білім алушыларға (аптасына кемінде үш рет) қосымша білім беру ұйымының қолдаухатын, растайтын құжаттарын (спорттық разряд) ұсынған жағдайда кезде ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша өтініші негізінде тоқсандық/жартыжылдық және оқу жылы қорытындысы бойынша дене шынықтыру сабақтарына қатыспай-ақ «есептелінді»/»есептелінген жоқ» деген қойылады. 

Бұл ретте дене шынықтыру сабағынан босатылған уақытта білім алушының өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне, сондай-ақ білім беру қызметтерін көрсету шартында айқындалған нормалар шегінде білім беруді ұйымына жүктеледі.

Вариативті компонент сағатының есебінен таңдалған 10-11-сыныптардың оқу пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді, оқу жылының соңында «есептелінді»/»есептелінген жоқ» деген белгі жазылады.

Қысқартылған оқу жүктемесі бар Үлгілік оқу жоспарларын таңдаған жағдайда БЖБ саны 11-тармаққа сәйкес жүргізіледі.

Вариативтік компонент есебінен таңдалған 7-9-сыныптардағы оқу пәндері бойынша (инварианттық компоненттегі таңдау пәндері) жиынтық бағалау өткізілмейді, оқу жылының соңында «есептелінді»/»есептелінген жоқ» деген белгі жазылады.

Формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын академиялық адалдық принциптерін сақтай отырып өзі дайындайды.

Тілдік пәндерден жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша жүргізіледі (тыңдалым (тыңдау), айтылым, оқылым, жазылым). Тыңдалым (тыңдау) және айтылым дағдыларын бағалау жиынтық бағалауды өткізу жоспарланған аптаның ішінде сабақтың барысында жүргізіледі.

ТЖБ өткізер алдында педагогтер тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігін, тапсырмалар көлемін, тапсырмаларды орындауға арналған нұсқаулықтарды, орындалу уақытын талқылайды.

Оқу нәтижелерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету үшін, даулы мәселелер туындаған жағдайда, ТЖБ жазбаша нысанда өткізілетін оқу пәндері бойынша педагогикалық кеңестің шешімі бойынша педагогтер ТЖБ үшін баға қойылғанға дейін 1 (бір) күннен кешіктірмей модерация жүргізеді.

Модерация жүргізу кезінде балдары өзгеруге болатын білім алушылардың тоқсандағы жиынтық жұмыстары қайта тексеріледі. Модерация қорытындылары бойынша ТЖБ үшін балл ұлғаю жағына да, кему жағына да өзгереді.

Білім алушылар жиынтық бағалау өткізу күні объективті себептерге байланысты (денсаулық жағдайына байланысты, жақын туыстарының қайтыс болуы, қолайсыз метеожағдайларға байланысты, барлық деңгейдегі жарыстарға, конференцияларға, олимпиадаларға және ғылыми жобалар конкурстарына қатысу) болмаған жағдайда жиынтық бағалауды жеке кесте бойынша тапсырады.

Ағымдағы тоқсан/жартыжылдық аяқталғанға дейін Жиынтық жұмыстарды тапсырмаған жағдайда білім алушыға жиынтық жұмыстарды тапсырғанға дейін «уақытша аттестатталмады» деген белгі электронды журналда қойылады. Тапсыруқорытындысыбойынша төртінші/жартыжылдық баға қойылады.

БЖБ және ТЖБ қорытындысы болмаған жағдайда білім алушы уақытша аттестаттаудан өтпеген болып есептеледі.

Қашықтан оқыту (ҚО) арқылы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау:

1) білім алушы мен педагогтің телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып онлайн немесе офлайн режимінде тікелей қарым-қатынасы;

2) автоматтандырылған тестілеу кешендері;

3) жеке тапсырмаларды тексеру (білім алушылардың электрондық поштасына, мессенджерлеріне тапсырмалар беру) арқылы жүзеге асырылады.

Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды жүргізу нысандарын педагог оқу материалының мақсатын, мазмұнын ескере отырып анықтайды.

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалардың пәндер және (немесе) модульдер бойынша үлгеріміне ағымдағы бақылау психофизикалық даму ерекшеліктері ескеріле отырып жеке тапсырмалар бойынша өткізіледі.

Ағымдағы бақылау пәндер және (немесе) модульдер бойынша практикалық және семинарлық сабақтар жоқ болған жағдайда, педагогтің оқу бағдарламасында көзделген міндетті бақылау жұмыстарын (жазбаша тапсырмалар, рефераттар) тексеруі арқылы, оның ішінде оқытудың жеке траекториясын ескере отырып жүзеге асырылады.

Білім алушыларды аралық аттестаттаудан өткізу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесі мен нысанын оқу жұмыс жоспарларына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары белгілейді және оқу жылының басында оқу процесінің кестесіне енгізіледі.

ҚО арқылы аралық аттестаттау өткізу кезінде мынадай нысандар қолданылады:

1) тапсырманы орындауға кететін уақытты шектеу мүмкіндігі бар автоматтандырылған тест жүйелерін қолдана отырып тестілеу;

2) жобаны орындау;

3) практикалық, шығармашылық тапсырманы орындау;

4) емтиханды онлайн режимінде тапсыру.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша аралық аттестаттау: қазақ тілінде оқытатын топтар үшін қазақ тілі, орыс тілі және әдебиеті; орыс тілінде оқытатын топтар үшін орыс тілі, қазақ тілі және әдебиеті; Қазақстан тарихы, математика және тереңдетілген деңгейдегі пәндер бойынша емтихандар өткізуді көздейді.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша аралық аттестаттау «жалпы білім беретін пәндер» модуліне/цикліне бөлінген кредиттер/сағаттар есебінен өткізіледі.

Бақылау жұмыстары, сынақтар және курстық жобалар (жұмыстар) пәнді және (немесе) модульді оқытуға бөлінген оқу уақыты есебінен, емтихандар - аралық және/немесе қорытынды аттестаттауға бөлінген мерзімде өткізіледі.

Өнер және мәдениет саласындағы мамандықтар үшін қорытынды және (немесе) аралық аттестаттау шығармашылық тапсырмалардың орындалуын көздейді.

Шығармашылық тапсырма туралы ережені техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы дербес әзірлейді.

Білім алушыларға жұмысшы біліктілігін беруге арналған аралық аттестаттау өткізу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары басшысының бұйрығымен біліктілік комиссиясы құрылады.

Жұмыс біліктілігі бағдарламасын меңгергеннен кейін біліктілік емтиханы өткізіледі.

Біліктілік емтихан практикалық жұмыс немесе демонстрациялық емтихан нысанында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында және/немесе кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында өткізіледі.

Жұмыс біліктілігін алу жөніндегі бағдарламаны меңгергеннен кейін оқуын жалғастырмайтын білім алушылар үшін біліктілік емтиханы қорытынды аттестаттау шеңберінде өткізіледі.

Оқуды жалғастыратын білім алушылар үшін біліктілік емтиханы аралық аттестаттау шеңберінде өткізіледі.

Жұмысшы біліктілігін беру туралы куәлік беру туралы шешім біліктілік комиссиясының шешімі бойынша біліктілік емтиханы негізінде қабылданады.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау, практика бойынша есептер, сынақтар және емтихандар нысанында жүзеге асырылады, бұл ретте сынақтар мен курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау емтихандар басталғанға дейін (болған жағдайда) өткізіледі.

Курстық жобалар (жұмыстар) аталған пән және (немесе) модуль бойынша курстық жобаны (жұмысты) орындау үшін жеткілікті білімді меңгеруді қамтамасыз ететін пәннің және (немесе) модульдің теориялық бөлімі немесе тарауы аяқталғаннан кейін орындалады.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғаларды аралық аттестаттау емтихандар және/немесе сынақтар нысанында өткізіледі.

Сынақтар тізбесі оқу жұмыс жоспарына, сондай-ақ курстық жобаларға (жұмыстарға), кәсіптік практикаға сәйкес айқандалатын пәндер және (немесе) модульдер бойынша саралған бағалармен/балдармен өткізіледі.

Білім алушыларды аралық аттестаттау материалдары әрбір оқу пәнінің және (немесе) модульдің оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларының негізінде жасалады.

Білім алушыларды аралық аттестаттауға даярлау кезеңінде консультацияға бөлінген жалпы бюджет уақыты есебінен консультация өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы