ҚХР, Бейжің, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық оқушылар Қытайға апталық турының соңғы күнінде Бейжіңдегі 紫禁城 Цзыцзиньчэн Император сарайына (Пурпурный запретный город), Қытай халық университетіне және ұлттық музейге барды.
Алдымен қазақстандық делегация Бейжіңдегі бірінші күнде Император сарайын және оған қарама-қарсы тұрған Қытай Ұлттық музейін аралап, қытай тарихымен танысты.
Император сарайы – әлемдегі ең ірі сарай кешені. 980 ғимараты бар 720 мың шаршы метр жерді алып жатқан нысан Бейжіңнің орталығында орналасқан. Мин династиясынан бастап Цин династиясына дейін (1420 жылдан 1912 жылға дейін) қытай императорларының сарайы болып келген. Осы уақыт аралығында императорлар мен оның отбасы мүшелерінің тұратын жері, сонымен қатар қытай үкіметінің салтанатты және саяси орталығы болған. Бұл жерде Мин және Цин династиясының 24 императоры халыққа билік жүргізген.
«Бүгінгі соңғы аялдама – Бейжіңдеміз. Мәдени-тарихи орындарына бардық. Бізден әлдеқайда дамып кеткен ел екенін көріп тұрмыз. Мұның барлығы халқының еңбекқорлығы деп ойлаймын. Қазіргі «Запретный городтамыз». Император сарайын аралап, туристердің көп екеніне таңғалдық. Қаншама үлкен алаңда мұнша адамды көру керемет қой. Бізге де осынша турист келсе, тамаша болар еді. Сосын бізде қытайға қатысты фобия бар. Ал мен осы сапардан кейін ойымды өзгерттім. Себебі олар, керісінше, сол олқылықтың орнын толтырып, мәдениетін таныстырғысы келеді, жақынырақ байланысқысы келеді. Саяси деңгейде ғана емес, қарапайым халық арасындағы қатынасты нығайтқысы келеді. Сосын тарихына қарап, қандай қиыншылықтан өткенін естідік. Соның барлығын еңбекқорлығының арқасында жеңгенін түсіндік», - деп бөлісті әсерімен Нұр-Сұлтандағы Оқушылар сарайының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Толқын Қазбекова.
Айтуынша, балаларға Ханьбан орталығы ерекше әсер қалдырған. Олар енді елге оралғанда Конфуций институтына барып, қытай тілін тереңірек меңгеруді мақсат етіп отыр.
«Балалар Ханьбан орталығына барғанда Конфуций институты туралы ақпарат алды. Нұр-Сұлтанға келгенде, Конфуций институтына барып, қытай тілін тереңірек меңгеруге деген қызығушылығы артты. Балалар мақсат қойып отыр. Тек балалар ғана емес, менің лингвист әріптестеріме жаңалық ретінде айтатынымыз көп. Осылай мектебіне түсуге, университетіне түсуге болады деп мағлұмат бере аламыз», - деді Толқын Қазбекова.
Сонымен қатар, ұстаз Қытайда көрген 4 қаласының ерекше әсер қалдырғандарын атап өтті.
«Осы турға Нұр-Сұлтан қаласының Оқушылар сарайында қытай тілін үйренетін 8 баланы алып келдім. 4 қаланы араладық. Маған Чэнду қаласындағы орта білім беретін мектеп ерекше әсер қалды. Себебі 400-ге жуық пән үйретеді. Қазақстанда қосымша білім бөлек берілсе, мұнда кешенді түрде мектептің ішінде спорттың түрлері, музыкалық аспаптарда ойнау, сурет салу және т.б. үйірмелер оқытылады екен. Сондай-ақ адами құндылық – бірінші орында. Балалардың барлығы бір, бір-бірін кемсітсе, балы кемиді. Яғни, тәрбиелі болудың өзін бағалап отырады. Содан соң Чэндудағы пандаларды көрдік, Чжэньчжоудағы шаолинь монастыры мен шаолинь жауынгерлік мектебіндегі кунг-фу тәсілі ерекше әсер қалдырды», - деді мұғалім.
Қытайдың Ұлттық музейінде оқушылар «Жаңару жолы» көрмесіне барды.
Содан соң балалар Қытай халық университетіне барып, оларға оқу орнын Әйгерім есімді қыз таныстырды.
«Мұнда АҚШ, Англия секілді ірі елдердің ұстаздары келіп сабақ береді. Біз олардың дәрісіне қатысуға міндеттіміз. Бұдан басқа студенттер университет аралық алмасулар арқылы білім ала алады. Бүгінде 20 мыңнан астам студент, магистрант, докторант 81 мамандық бойынша білім алып жатыр. Университет 1937 жылы құрылған. Былтыр 80 жылдығын тойладық. Сабақ екі тілде: қытай және ағылшын тілдерінде өтеді. Гранттың екі түрі бар. Отбасы жағдайына байланысты берілетін грант және мемлекеттік грант. Екіншісін жеңіп алу – өте қиын», - деді университеттің биылғы түлегі Әйгерім.
Қазақстандағы Қытай елшілігінің ұйымдастыруымен бір топ оқушы ұстаздарымен еліміздегі «Жастар жылы» аясында Қытайға сапармен барды. Үрімші арқылы ұшқан делегация Шеньжень, Чэнду, Ченьчжоу және Бейжің қалаларын аралады. Жас буын дамыған қалалардың жетістігін көріп, тарихы және мәдениетімен танысты. 3 мұғалім және 24 баланың саяхаты туралы ақпарат тарату мақсатында елшілік арнайы BAQ.KZ тілшісін шақырды.
Бұған дейін қазақстандық делегация Чэнду қаласындағы таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін білім беретін халықаралық мектеп – ақылы білім ордасына барған болатын. Мектеп басшысының айтуынша, балалар 400 пәнді оқып, осындағы жатақханада қалады.
Қазақстандық оқушылар Чжэнчжоудағы шаолинь мектебіне де барды.
Бұған дейін Қазақстандық делегация Қытай астанасындағы Ханьбан халықаралық мәдени-білім беру орталығына барған болатын.