Алматы қаласында 170-тен астам автобус 9 троллейбус бар екен. Бұның барлығы қала ішінде ғана емес, шеткі аудандарға да қатынайды. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қоғамдық көліктің жүргізушілерімен тілдесіп қайтты.
Автобус жүргізушілері жол бойы мазаны алатын жолаушылардың көп болатынын, осыдан жолға деген ойлары бөлініп, жол ережесін бұзуға әкеп соқтыратынын айтты.
Адамдар бізден «мына жаққа бара ма, қалай барамын, мына жерден тастап кет» деп тоқтатып қойып сұрайды. Бұдан біздің басты ойымыз бөлініп кетеді. Тіпті кейбірі артқа жүр деп айқай салатын кездері болады. Үлкен көлік болғандықтан, адамдардың өміріне алаңдайсың. Арт жақтағы көлікке ұрынып қаламын ба деген ой болады. Меніңше, әр адам автобуста бір өзі отырмағанын естен шығармаған жөн. Қоғамдық көлік лық толы болады. Басқаларының өмірі мен уақытын бағалай білу керек. Жол жайлы мынандай бір сөз бар. «Жол қателіктерді кешірмейді» сол себептен өз әрекеттеріңе абай болу керек. Ол үшін жолаушылар жүргізушінің көңіліні аулап, мазасын алмау керек. Қазір адамдарға барлық жағдай қарастырылған. Жол картасын басады, ақша болмаса Q-ar мен төлейді. Тіпті болмай жатса, ақшасын беріп, таллон алады. Кейде адамдар жол ақысын төлемей, «ONAY» тексерушілері келгенде қимылдай бастайды. Жолда олар кездеспесе, тегін жүруді құп көреді. Қазір заман дамып, цифрланып жатқанда, адамдардың да мәдениеті арту керек, - дейді Мұрат Дүйсебаев есімді автобус жүргізушісі.
Автобус жүргізушілері ішімдік ішіп, көлікті былғайтындар мен ұқыпсыз жолаушылардың артынан да тазалайды.
Жол бойында ішімдікке сылқия тойып алып, құсып кететіндер де болады. Бұндайда өзіміз тазартамыз. Себебі келесі мінген адамдар көліктің таза болғанын қалайды. Ал бұндай жұмысты біз атқарамыз. Сол секілді ұқыпсыз жолаушылар да қоқыс қалдырып кетеді. Осылардың артынан да бір тазалап шығамыз. Кейбір жолаушылар бірден компанияға хабарласып, таза еместігіне шағымданды. Бұндай сәтте біз физикалық тұрғыда үлгере алмаймыз. Жолға қарайлайсың. Біздің өз арамыздағы уақытты сақтап жүру керек. Мен оны тазалап отырсам, келесі аялдамадағы адамдардың 10-15 минут күтуіне тура келеді. Ал бұл уақытта артымнан келе жатқан көлік менімен қатарласып қалады, - дейді автобус жүргізушісі Нұрбек Бекмұрзин.
Жүргізушілер балаларға жол ережесін ерте бастан үйрету керектігін, адамдар жолда жүру қағидаларын үнемі есте сақтау керектігін айтты.
Жиі байқаймын, мектептер мен сауда орталықтарында адамдар жол ережесін бұзып өтеді. Автобус тоқтағанда, алдымен өтеді. Міне, осы кезде кейбір адамдарды байқамай жүріп кетеді. Ондай кезде жолаушы емес, жүргізуші кінәлі болады. Кейбір адамдар жаяу жүргіншілер өткелі біздікі деп жүріп кетеді. Бұндай сәтте адам байқалмай қалады, көлік тоқтағанда ғана жолдан өту керектігін ұғынса деймін. Себебі біз техниканы басқарып келеміз. Оны тоқтатып үлгере алмай қалуымыз мүмкін. Сол себептен әр адам өз өмірін ойлап, асығыс қимылдаудан бұрын ойланса деймін. Атобусқа мінгенде бірден тұтқадан ұстануы керек. Өзіне зақым тигізбеуі үшін. Меніңше, оқушылар мен жастарға жол ережесін үйрету қажет, – дейді автобус жүргізушісі Нұрбек Бекмұрзин.
Жүргізушілер әрбір жолаушыдан өз аялдамасына мұқият болуды талап етеді.
Біздің жұмыс таңғы сағат 5-тен басталады. Түнгі 1-де үйге жетеміз. Жасы келіп қалған жолаушылар болса, аялдамасын айтып беруге тырысамыз. Ал кейде қаланың ана бір басынан мініп, бір жерден қалдыра кетші деген естен шығарып аламыз. Осы кезде адамдарға қасындағылардан сұрап, бір-біріне айтуын өтінеміз. Ал кейбір жолаушылар құлаққап тағып алып, аялдаманы хабарлағанды естімейді. Кейін келіп «Неге тоқтамайсыз? Неге сұрамайсыз? Неге хабарламайсыз?» деп жанжал шығарады. Осындайда өз аялдамасы жақындағанын қарап отырып, дайындалу керек. Себебі біз айнадан дайындалып тұрған адамды көріп, түседі деп тоқтаймыз. Сол себептен жолда жүру мәдениетін дамытып, арттыру керек. Себебі дайындалмай, бірден тұра салып шығудан да адамдар мертігіп қалуы мүмкін. Бұндай сәтте адамдар абай болуы қажет, - дейді Еркебұлан Адиеев есімді жүргізуші.