Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігі мен Baq.kz ақпарат агенттігінің мектеп оқушыларына арналған жобасының кезекті қауіпсіздік сабағы өтті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған сабақ «Көшедегі қауіпсіздік» тақырыбына арналды.
«Көшедегі қауіпсіздік» сабағына елордадағы «БИНОМ-Сарыарқа» мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары қатысты. Олар профилактикалық сабақта баланың сыртқы ортада өзін ұстауы мен қатерлерден сақтануы, қауіпсіз ортада жүруі, сонымен қатар самокат пен велосипед тебу мәдениеті туралы ақпарат алды.
Бала және қауіпсіз орта
Бала көшеде таныс емес адамдармен сөйлеспей, қауіпті адамдардан аулақ жүруі керек. Сондай-ақ бөтен адаммен кіреберіске, жертөлеге, лифтке бірге кірмегені дұрыс және біреу артынан қуаласа, адам көп жүретін жерге қашу қажет. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция полковнигі Лейла Әліпбаева бала қауіпсіздігіне қатысты ерекжелермен таныстырды.
Ең алдымен бейтаныс адамның сөзіне алданбау. Көшеде, мектепте немесе аулада ойнап жүргенде көп бейтаныс адамды көресіңдер. Ол адамдардың көбі жақсы болуы мүмкін, бірақ олардың арасында ниеті жаман адамдар да кездеседі. Қасыңда тұрған бейтаныс адам күмән тудырса, оның қасынан кетіп қалып немесе оны алға өткізіп жіберу керек. Егер қасыңа келіп, таныс емес адам көмек сұраса немесе тәтті беріп алдаса, «мен сізді танымаймын, білмеймін» деп, адам көп жерге қашып кету керек. Яғни бөгде адамдармен ешқайда баруға болмайды. Мектепке және үйге таныс жолмен ғана бару керек, - деп түсіндірді полицей ережелерді.
Ол балаларға егер мектептен бөтен адам алып кетуге келсе, онда оны дереу ата-анаға ескерту керегін айтты. Оны жасырмай ата-анаға, сынып жетекшіге айту керек.
Полицей балаларға көшеде мұқият болу керегін ескертті.
Әрине сендер көшеде достарыңмен ойнағанды ұнатасыңдар. Бірақ көшеде қандай қауіпсіз және қауіпті жерлер барын еске сақтауларың керек. Қауіпсіз жерлер – ол аула, ойын алаңы, үйдің немесе дүкеннің жанындағы жарық аумақ. Ал қауіпті жерлер – ол құрылыс алаңдары, соның ішінде қауіпсіз қалған жертөлелер, қараңғы аулалар. Көбінесе балалар құрылыс алаңдары барып ойнағылары келеді. Алайда адам жоқ жерлерге барып ойнауға болмайтынын қаперде ұстаған дұрыс, - деп түсіндірді Лейла Әліпбаева.
Қауіпті және қауіпсіз уақыт
Балалар қауіпті және қауіпсіз уақыт туралы да біле жүргені абзал.
Қауіпсіз уақыт деген – ол жарық және күндізгі уақыт. Ал қауіпті уақыт – түнгі, қараңғы кез. Бірақ балалар күндізгі уақытта да өздеріне қауіп төнуі мүмкін екенін біле жүруі керек. Егер көшеде жүргенде бейтаныс адам сені құшақтағысы келсе, онда шабуылшының бетіне қолыңдағы бар затты лақтырып, адам көптеу жерге жүгіріп, дауыстап айқайлау керек. Өтіп бара жатқан адамдардың назарын аудару қажет, - деп түсіндірді полицей Лейла Әліпбаева.
Балалар ата-аналарына үнемі қайда жүргенін, қайда және кіммен баратынын, үйге нешеде келетінін ескертіп отырған дұрыс.
Сонымен қатар бөтен көлікке отырмау керегі туралы да ережені ұмытпау керек.
Ешқашан бөтен көлікке отырмаңдар. Кейде көлікпен өтіп бара жатып, адамдар көмек, көше туралы сұрауы мүмкін. Осындай кезде мұқият болған дұрыс. Сондай-ақ лифтке бейтаныс адамдармен кіруге болмайды. Лифтке кірмес бұрын, алдымен бөгде адамдар бар-жоғын анықтап алу керек. Одан бөлек, үйде жалғыз болғанда бөтен адамға есік ашпаймыз, - деп толықтырды ол сабақта.
Полицей балалардың негізгі мақсаты сабағын жақсы оқып, тәрбиелі, ақылды азамат болып өсу керегін айтты.
Оның сөзінше, балалар өте ауыр қылмыс үшін 14 жастан бастап жазаға тартылады. Ал бала кәмелет жасына (18 жас) толмағанша, ата-ана жауапты болады.
Сонымен қатар профилактикалық сабақ кезінде 5-сынып оқушыларына жолда жүру ережесі туралы бейнероликтер көрсетілді.
Самокат пен велосипед
Өздеріңіз білетіндей, жаз шыққанда, сабақтан бос уақытта және каникулда балалар самокат пен велосипед тебеді. Бұл құралдарды қайда қолдануға болады, онымен жолдан қалай өтуге болатыны туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әкімшілік практика тобының аға инспекторы Асылхан Жүзбаев түсіндіріп берді.
ҚР заңының Әкімшілік Кодексінде жолды тыйым салынған жерден кесіп өткендер үшін айыппұл қарастырылған. Егер бала жолы рұқсат етілмеген жерлен өтіп кетсе, онда әкімшілік хаттама балаға емес, оның ата-анасының атына толтырылады. Өйткені ата-ана кәмелет жасына толмаған баласы үшін жауапты. Сол себепті жол жүру кезінде өте мұқият болған дұрыс. Тіпті кейде балалар жолда доп ойнап өтеді. Бұл мүлде тыйым салынған дүние. Баланың назары допта болғандықтан келе жатқан көлікті көрмей қалуы мүмкін. Сондықтан абай болу керек, - деп айтты полицей.
Ол жұмыс кезінде адамдар бағдаршам 50 метр ғана жерде тұрса да, олар жолды кесіп өтіп кететінін айтты. Асылхан Жүзбаев бұл адам өмірі үшін өте қауіпті.
Біз тыйым салынған жерден жолды кесіп өткендерге олай істеуге болмайтынын ескертеміз. Жаяу жүргінші жолағынан өтер кезде адам алдымен сол жаққа және оң жаққа қарап, өту керек, - деді аға инспектор Асылхан Жүзбаев.
Сондай-ақ ол самокат пен велосипед тебуге қатысты тоқталды.
Елордада велосипед тебуге арналған көптеген жол бар. Яғни осындай жерлерде тепкен дұрыс. Бірақ балалар көбінесе аулада ойнайтындықтан велосипедті де аулада тебеді. Алайда аулада да қауіпсіздікке мұқият болу керек. Себебі аулада көлік көп болады, - дейді маман.
Оның сөзінше, егер велосипедке арналған арнайы жол болмаса, онда көлік жолының оң жақ бетімен 14 жастан асқан адамдарға жүруге рұқсат беріледі. Ал 14 жасқа дейінгі балаларға тыйым салынады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолағынан өткенде велосипедті қолмен жетектеп өту керек.
Аулада машиналар оталып тұрса, онда роликпен көліктердің арасынан өтуге болмайды. Арнайы жолдармен жүру керек. Себебі роликпен жүргенде бала жылдамдығын төмендете алмай, көлікпен соқтығысып қалуы мүмкін.
Қорытынды. Қауіпсіздік сабағы балаларға не берді?
«БИНОМ-Сарыарқа» мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тоғжан Кәртаева қауіпсіздік сабағының маңыздылығын айтты.
Бүгінгі өткен іс-шара өте ауқымды, маңызды. Жазғы демалыс алдында балаларға қажетті ақпарат берілді. Өйткені жас жеткіншектер спикерлер көп сұрақ қойды. Жол жүру ережесі, қауіпті-қауіпсіз жерлер және өзін қалай ұстауы керегін үйренді. Сол үшін сабақты өткізген әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз, - деп айтты мектеп әкімшілігінің өкілі.
Бұл білім ордасы 2022 жылғы қаңтар айында өз жұмысын бастады. Қазіргі күні мектепте 3 545 бала білім алады.
Ал 5-сынып оқушысы Алан Бахтиев те өз пікірін білдірді.
Бүгін сабақта ненің қауіпті, ненің қауіпсіз екенін үйрендік. Бізге полицейлер балаларға велосипедпен жаяу жүргіншілер жолағын кесіп өту үшін алдымен велосипедтен түсіп, оны қолға алып жүру керегін айтты. Және жолдан кезде алдымен сол жаққа, сосын оң жаққа қарау керегін ескертті. Содан кейін барып қана жолдан өту қажет. Себебі сол мен оң жаққа қарамай өте салсаңыз, жол-көлік оқиғасына тап болуыңыз мүмкін, - деді оқушы.
Сонымен қатар 5-сынып оқушысы Абдулбари Жидес сабақтан не түйгенін айтып берді.
Мен үшін сабақ өте қызықты болды. Сабақта қауіпсіздік ережелерін түсіндіре білді. Адамдар және балалар қауіп-қатерден аулақ болу керегін үйрендік. Дәріс кезінде қауіпті және қауіпсіз орындар тақырыбы ұнады. Сондай-ақ полицейлер жол жүру ережелерін, әсіресе жолда самокат және велосипедпен жүру ережелерін жақсы түсіндіріп берді. Мысалы, велосипедпен 14 жасқа дейінгі балаларға машина өтетін жолмен өтуге болмайтынын ұқтық, - дейді сабаққа қатысқан оқушы.
Қауіпсіздік сабағының соңында полицейлер балаларға қауіпсіздік ережесі жазылған жадынамалар таратты.
Сонымен қатар ІІМ сабақтан естелік болсын деп мектеп кітапханасына детектив шығармашалар жанрындағы «Серт» республикалық байқауының жеңімпаздары туындыларының жинағын табыс етті. Бұл жинақта полиция қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігі мен шытырман оқиғалары бейнеленген.
Одан бөлек, 5-сынып оқушыларына қазіргі заман қаһарманына айналған батыр-полицей Ғазиз Байтасовтың өмір жолы мен ерлік істері туралы кітапты табыстады.
Дәріс соңында барлығы естелік суретке түсті.