Оқулықтағы қателер қалай тексеріледі? Сарапшы мектеп кітабының оқушы қолына дейінгі жолын түсіндірді

Оқулықтың оқушы қолына жеткенге дейінгі сараптау кезеңдері, қателердің қалай тексерілетіні және анықталған жағдайда оларды түзету тетіктері түсіндірілді.

4 Қыркүйек 2026, 09:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 4 Қыркүйек 2026, 09:30
4 Қыркүйек 2026, 09:30
182
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мектеп оқулығы оқушының қолына бірден түспейді. Оны әзірлеуден бастап басып шығаруға дейін бірнеше кезеңнен тұратын сараптама мен апробация жүргізіледі. Оқулықтағы тарихи деректер мен ғылыми ақпараттың дұрыстығы қалай тексеріледі, қате анықталса не болады және мұғалімдер мен ата-аналар өз ескертулерін қайда жібере алады? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық Білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Дана Тұрлыбаева BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Оқулық оқушының қолына қалай жетеді?

Дана Тұрлыбаеваның айтуынша, мектеп оқулығы – автор жазып, басып шығаратын қарапайым өнім емес. Ол бірнеше кезеңнен тұратын сараптау және апробация процесінен өтеді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша әзірленген оқулық баспа немесе әзірлеуші тарапынан ұсынылғаннан кейін ғылыми-педагогикалық сараптамадан, пәндік сараптау комиссиясынан, пысықтау кезеңінен, пилоттық мектептердегі сынақтан (апробациядан) және қоғамдық талқылаудан өтеді.

Барлық кезеңнен оң қорытынды алған оқулықтар білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылатын оқулықтар тізіміне енгізіледі.

Оқулықтың мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторинг жүргізу және басып шығару тәртібі тиісті нормативтік құжаттармен реттеледі.

Яғни бұл процесті шартты түрде былай көрсетуге болады: әзірлеу → сараптама → пысықтау → апробация → қоғамдық талқылау → пәндік комиссия → бекітілген тізбе → басып шығару → мектептерге жеткізу, – деді Дана Тұрлыбаева.

фото кейіпкерден

Оның сөзінше, әр кезеңнің өзіндік мақсаты бар. Мысалы, сараптама кезінде мазмұнның ғылыми және әдістемелік сапасы бағаланады. Апробация оқулықтың нақты мектеп жағдайында қалай жұмыс істейтінін анықтауға мүмкіндік береді. Ал қоғамдық талқылау барысында педагогтер мен қоғамның пікірі ескеріледі.

Оқулықтағы тарихи деректерді кім тексереді?

Маманның айтуынша, оқулықтағы ғылыми және фактологиялық ақпараттың дұрыстығын бағалау – сараптаманың маңызды бағыттарының бірі.

Ғылыми-педагогикалық сараптама кезінде оқулық мазмұнының ғылыми зерттеулерге, білім беру стандарттарына, үлгілік оқу бағдарламаларына және қазіргі ғылыми-әдістемелік талаптарға сәйкестігі қарастырылады, – деді ол.

Бұл ретте бір ғана сарапшы оқулықтағы барлық фактіні тексермейді. Сараптамаға пән бойынша ғылыми білімі бар мамандар мен тәжірибелі педагогтер тартылады.

2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтарды сараптауға жетекші жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары және арнайы даярлықтан өткен, сертификатталған тәжірибелі педагогтер қатысты.

Сараптама барысында мәтіннің мазмұны жүйелі түрде қаралады. Әсіресе тарихи даталар, есімдер, оқиғалар, статистикалық мәліметтер, ғылыми терминдер мен тұжырымдарға ерекше назар аударылады.

Сарапшы фактіні жай ғана «дұрыс/бұрыс» деп бағаламайды, оның ғылыми дереккөзбен негізделуін және оқу бағдарламасына сәйкестігін де қарайды, – деп түсіндірді Дана Тұрлыбаева.

Неліктен сараптамадан өткен оқулықтан қате табылып жатады?

Оның айтуынша, оқулықтың сапасына ең алдымен авторлар мен баспа жауапты. Ал министрлік тарапынан мемлекеттік сараптама жүргізіліп, оқу басылымдарының белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады.

Оқулық – көлемді әрі күрделі өнім. Оның ішінде көптеген дерек, дата, есім, термин, иллюстрация, карта, кесте, статистика және тапсырма болуы мүмкін, – деді маман.

Сонымен қатар ғылыми ақпарат үнемі жаңарып отырады. Бұған қоса, авторлық нұсқадан бастап соңғы баспа макетіне дейін мәтінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан сараптамадан кейінгі редакциялық және корректорлық бақылау да маңызды.

Дана Тұрлыбаева ғалымдар мен тәжірибелі мұғалімдердің жұмысы бір-бірін толықтыратынын атап өтті. Ғалым ғылыми дұрыстық пен академиялық негізді бағаласа, педагог оқулықтың мектеп бағдарламасына, оқушының жас ерекшелігіне және нақты оқу процесіне қаншалықты қолайлы екенін қарайды.

Президент айтқан 700-ден астам қате нені көрсетті?

Маман Мемлекет басшысының тамыз конференциясында оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтқанын оқулық сапасына қойылатын талаптарды одан әрі күшейту қажеттігін көрсететін маңызды сигнал деп бағалады. 

Қазіргі таңда мектеп оқулықтарының сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында. Мектеп оқулықтарының мазмұны мен сапасын арттыру, білім алушыларға ұсынылатын оқу материалдарының ғылыми дұрыстығын, оқу бағдарламаларына сәйкестігін және әдістемелік сапасын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Дана Тұрлыбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда оқулықтарды сараптаудың бірнеше сүзгісі қалыптасқан. Алайда бұл сүзгілердің болуы олардың әрқайсысынан формалды түрде өту жеткілікті дегенді білдірмейді.

Әсіресе тарихи мазмұндағы оқулықтарда дереккөздердің сапасы, тарихи тұлғалар туралы мәліметтердің дәлелділігі, даталар мен оқиғалардың дұрыстығы аса маңызды.

Оқулықтарды әзірлеу және сараптау кезінде олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын тиісті талаптар басшылыққа алынады. Бұл талаптар нормативтік құжаттармен бекітілген.

Әрбір оқулық бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Егер анықталған ескертулер толық жойылмаса, оқулық білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылмайды, – деді ол.

Мектепке тарап кеткен оқулықтан қате табылса не болады?

Дана Тұрлыбаеваның айтуынша, алдымен анықталған ескерту зерделенеді. Егер оның фактологиялық қате екені расталса, тиісті шешім қабылданады.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, баспа мен әзірлеуші оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын қамтамасыз етуге міндетті.

Мысалы, полиграфиялық ақау анықталса, баспа тиражды ауыстырады. Ал пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқу салдарынан қателер немесе басқа да кемшіліктер анықталған жағдайда, баспа оларды түзетіп, бүкіл тиражды ауыстыруға міндетті.

Электрондық оқулықтар мен электрондық оқу-әдістемелік кешендерде қате анықталған жағдайда да баспа түзету жұмыстарын жүргізеді.

Алайда кез келген қате үшін оқулықты қайта басып шығару автоматты түрде жүзеге асырылмайды. Шешім қатенің сипатына, маңыздылығына және оның оқу процесіне ықпалына байланысты қабылданады.

Егер қате елеулі болса, түзету келесі басылымда енгізіледі. Қажет болған жағдайда оқулықтың жаңартылған нұсқасын әзірлеу мәселесі қаралуы мүмкін, – деді маман.

Оқулықтың сапасын бақылаудың тағы бір маңызды тетігі – мониторинг. Яғни сараптама оқулық мектепке жеткізілгеннен кейін де жалғасады. Оқу процесіндегі сапасы туралы кері байланыс жиналып, қажет болған жағдайда түзетулер енгізу үшін пайдаланылады.

Мұғалім мен ата-ана оқулықтағы қатені қайда жібере алады?

Дана Тұрлыбаеваның айтуынша, мұғалімдердің, ата-аналардың және жалпы азаматтардың пікірі маңызды.

Оқулық жобалары қоғамдық талқылауға шығарылады. Оған педагогтер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар және басқа да азаматтар қатыса алады.

Егер оқулықтан қате деп есептейтін ақпарат байқалса, ескертуді БМСО-ның қоғамдық талқылау алаңдары арқылы жолдауға болады.

Бұл ретте «мына жерде қате бар» деп қана жазбай, нақты ақпарат ұсынған жөн. Атап айтқанда, оқулықтың бетін, қате мәтінді, қатенің сипатын және мүмкін болса, сенімді дереккөзге сілтемені көрсету қажет.

Мұндай кері байланыс міндетті түрде қаралады және сараптама барысында ескеріледі. Қоғамдық талқылаудан түскен сын-ескертпелер мен ұсыныстар оқулықтардың мазмұнын жетілдіру үшін пайдаланылады, – деді ол.

Оқулықтағы қателерді болдырмау үшін не күшейтілуі керек?

Маманның пікірінше, фактологиялық қателердің алдын алу үшін бірнеше бағытқа ерекше көңіл бөлу қажет.

Біріншісі – фактчекингті күшейту. Тарих, география, жаратылыстану, медицина, статистика сияқты пәндердегі деректерді ресми дереккөздермен салыстыру жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Екіншісі – сарапшылардың мамандануын тереңдету. Мысалы, тарих оқулығын нақты тарихи кезең бойынша маманданған ғалым мен тәжірибелі педагог бірлесіп қарағаны маңызды.

Үшіншісі – цифрлық құралдарды пайдалану. Даталар, есімдер, терминдер мен статистика сияқты деректерді автоматты түрде сәйкестендіру үшін жасанды интеллектіні қосымша бақылау құралы ретінде қолдануға болады.

Төртіншісі – кері байланысты жүйелеу. Мұғалімдерден, ата-аналардан және оқушылардан тұрақты түрде пікір жинап, оны талдау қажет.

Жалпы, қазіргі жүйені «сараптама жоқ» деп бағалау дұрыс емес. Қазақстанда оқулықтар бірнеше кезеңнен өтетін жүйе қалыптасқан. Мәселе – осы кезеңдердің әрқайсысының сапасын, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, – деп қорытындылады Дана Тұрлыбаева.

Оның айтуынша, оқулық сапасы – автордан бастап баспаға, сарапшыдан бастап мұғалімге және жалпы қоғамға дейінгі ортақ жауапкершілік.

Оқулықтағы бір ғана қате – техникалық мәселе емес, ол оқушының білім алуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әрбір ескертудің артында оқушының сапалы әрі сенімді білім алуы тұрғанын түсіну маңызды, – деді БМСО директорының орынбасары.

 

Наверх