Оқу бағдарламаларының кемшіліктерін түзеу керек – Асхат Аймағамбетов

8 Ақпан 2022, 19:33
1549
Бөлісу:
Оқу бағдарламаларының кемшіліктерін түзеу керек – Асхат Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов оқу бағдарламалары жаңартылатынын айтты.

Орта білім беру саласындағы басты міндет – оқу бағдарламаларын жаңарту. Әсіресе мұғалімдер бағдарламаның кейбір тұстарын жөндеу керегін айтып жүр. Оны сарапшылар да көтерген болатын. Бұл сын орынды. Бағдарламалардың кемшіліктерін түзеу керек. Бұл – ауқымды, күрделі, маңызды жұмыс. Онымен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Олар штаттық режимде жұмыс істеулері керек. Онлайн форматта оның тиімділігі жоғары болмайды, - деді БҒМ басшысы.

Министрдің сөзінше, жұмыс тобының құрамына әдіскерлер, елдің үздік мұғалімдері, ғалымдар, сарапшылар мен мамандар тартылуы керек.

Оқу мақсаттары тым күрделі, қайталауға уақыт аз, жас ерекшелігі тұрғысынан ерте берілген тақырыптарға қатысты сын-пікірлер көптен бері айтылып жүр. Сол себепті осы бағыт бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағдарламалар (оқу бағдарламалары – ред.) 2015 жылы бекітіліп, оған 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер кезең-кезеңімен көшті. Әрине орта жолда тоқтатып қойып, оған өзгерістер енгізуге де болмайды. Енді олардың тиімді де, тиімсіз жақтарын байқаған соң кешенді жұмысты жүргізуіміз қажет, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында.

Бас ұстаз атап өткендей, типтік оқу бағдарламаларын жаңартқаннан кейін типтік оқу жоспарлары бойынша да жұмыс жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы