Оқу-ағарту вице-министрі балалардың неліктен мейірімсіз болып бара жатқанын айтты

21 Сәуір 2023, 14:00
1109
Бөлісу:
Оқу-ағарту вице-министрі балалардың неліктен мейірімсіз болып бара жатқанын айтты
Фото: primeminister.kz

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалардың мейірімсіз болып бара жатқанының себептерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балалар арасында құқық бұзу саны артып жатыр. Бұл әрине алаңдатарлық жағдай. Министрлік бұл мәселеге қатысты кешенді жоспарларды қолға алып отыр. Бірнеше шұғыл шаралар қабылданды, - деді ол.

Министрлік білім беру ұйымдарында буллингке, мейірімсіздікке төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша шараларды қолға алып жатыр.

Ата-аналарды мектептегі тәрбие процесіне тарту бойынша үлкен жұмыстар қажет деп санаймыз. Қазіргі күні жақында болған өрескел оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің (Оқу-ағарту министрлігі - ред.), Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті құрылымдар зардап шеккендерге қажетті медициналық, психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Балалармен тұрақты байланыстамыз, - деп айтты Еділ Оспан.

Оқу-ағарту вице-министрі мұндай оқиғаларды болдырмауды ойлау керегін айтты.

Сөзінше, Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, құқық бұзудың көлемі былтырмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Бұл - балалар арасында және балаларға қатысты көрсеткіш.

Бұған не себеп екені маңызды. Ол – ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жоғалуы. Бұрынғыдай бір дастархан басында үш ұрақтың өкілдері жиналып, тәлім-тәрбиені кейінгі ұрпаққа беретін дәстүрлер азайып барады. Ата-аналардың мектеп процесіндегі тәрбие ісіне қатысу деңгейінің төмендігі, интернеттің ашықтығы және пандемияның салдары осыған әкеп соқты. Күрделі шешімдер қабылдауымыз керек. Бұл жерде балаларымыздың болашағы тұр. Тәрбие процесін күшейтуіміз керек. Әсіресе, ата-аналардың балалардың тағдырына, олардың мінез-құлқына жауапкершілігін түсіндіруді көбірек айту керек, - деп толықтырды ол сөзін.

Өзгелердің жаңалығы