Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат емес және ереженің соңғы редакциясы емес. Дүйсенбі күні осы мәселе бойынша ресми брифинг өткізіліп, құжат жобасы жан-жақты түсіндіріледі. Брифингтен кейін жоба кеңінен қоғамдық және азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауына ұсынылады, – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары маңызды екенін қоса кетті. Ведомство ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыруды көздеп отыр.
Бұған дейін Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқанын жаздық.