Мұғалімдерге жаңа талап енгізілді: Басты өзгерістер қандай?

Қазақстанда мұғалімдерге қатысты маңызды шешім қабылданып, пәндік біліктілік тесті тоқтатылды.

 Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы Бүгiн 2026, 10:43
Бүгiн 2026, 10:43
479
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. BAQ.KZ тілшісі нақты не өзгеретініне шолу жасады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті (ПББ-ОЗП) тоқтатылған.

Бұл жаңалықты ведомство басшысы өзі мәлімдеп, мұғалімдерден сүйінші сұрады.

Құрметті ұстаздар, сіздерге арналған сүйінші жаңалықты бөліскім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ПББ, яғни мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, Мемлекет басшысы сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытып отыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын. Тиісті хат білім басқармаларына бүгін жолданды, - деген еді Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, соңғы күндері педагогтер арасында бұл жаңалық кеңінен талқыланып жатыр. Ол әлеуметтік желілердегі пікірлерді жеке өзі зерделегенін атап өтті. Осыған байланысты министр жиі қойылған сұрақтарға жауап берді.

Пәндік білімін бағалау тесті толық жойыла ма?

Министр бұл шешімнің уақытша емес екенін нақтылады.

Яғни, енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздар пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тест толықтай алынып тасталды.

Алайда ПББ тесті барлық санат үшін жойылмайды. Ол тек педагог мамандығына алғаш рет қадам басатын мұғалімдер үшін сақталады.

Атап айтқанда, университет түлектері мұғалімдік қызметке кірер алдында өз білім деңгейін растау үшін осы тестті тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келіп жатыр, сондықтан олардың дайындық деңгейін бағалау қажет.

Сонымен қатар жас мұғалімдер екі жылдан кейін “педагог-модератор” біліктілік деңгейіне өту кезінде де ПББ тестін тапсырады.

Ал қалған барлық санаттағы ұстаздар, яғни қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген педагогтер аттестация барысында бұл тестті тапсырмайды. Жалпы, пәндік біліктілік тестінің аттестацияға ешқандай қатысы болмайды.

Бұған дейін тест тапсырған мұғалімдердің жағдайы қалай болады?

Министрдің мәліметінше, бұған дейін шамамен 51 мың педагог ПББ тестін тапсырып, шекті балл жинаған.

Бұл педагогтер белгіленген тәртіп бойынша аттестация процесін толық жалғастырады. Яғни олар өз портфолиоларын жинақтап, барлық кезеңнен өтеді.

Қыркүйек айынан бастап тесттен өткен педагогтер тиісті қосымша үстемеақыларын алады.

Маңызды өзгеріс: Портфолио жүйесі толық өзгереді

Тағы бір маңызды өзгеріс – портфолио жинақтау тәртібіне қатысты.

Енді педагогтер қағаз түрінде құжат жинап, түрлі мекемелерден қол жинап жүрмейді. Портфолио толықтай электронды форматқа көшіріледі.

Қазіргі таңда арнайы “ұстаз платформасы” жетілдіріліп жатыр. Барлық құжат айналымы осы жүйе арқылы жүргізіледі.

Министрліктің мәліметінше, бұл туралы қосымша ақпарат алдағы уақытта хабарланады.

Авторлық бағдарламалар талап етілмейді

Министрдің айтуынша, педагогтермен ұзақ уақыт талқыланған мәселелердің бірі – авторлық бағдарламалар.

Жаңа шешімге сәйкес, енді мұғалімдерге авторлық бағдарлама әзірлеудің және оны ұсынудың қажеті жоқ.

Биыл аттестацияға қатысқандар не істейді?

Министрлік биыл аттестацияға қатысып жатқан барлық педагогтің құқықтары толық сақталатынын мәлімдеді.

Яғни қазіргі таңда:
– ПББ тестін тапсырған;
– пәндік біліктілік тестінен өткен;
– портфолиосын жүктеген педагогтер аттестация процесін толық аяқтайды.

Ал тесттен өтіп, бірақ портфолиосын жүктеп үлгермегендерге қосымша мүмкіндік беріледі. Олар үшін арнайы уақыт ашылып, құжаттарын толық тапсыруға жағдай жасалады.

Ақылы тестке төлеген қаражат қайтарылады

Сонымен қатар биыл ПББ тестін тапсырып, шекті балл жинай алмаған және қайта тапсыру үшін тіркелген педагогтерге қатысты шешім қабылданды.

Сәуір айында ақылы негізде тест тапсыруды күтіп отырған ұстаздардың төлемдері толық қайтарылады.

Олардың қазіргі біліктілік санаты сақталады және 2027 жылдың қаңтарына дейін өзгеріссіз қалады.

Осы мерзімге дейін педагогтер жаңа аттестация жүйесі енгізілгенге дейін өз санаттарымен жұмыс істей береді.

2027 жылдың қаңтарынан бастап жаңа қағидаттар күшіне енеді және аттестация процесі сол ережелер бойынша жүргізіледі.

Аттестация жүйесінің негізгі мақсаты өзгереді

Министрдің айтуынша, аттестация педагогтерді жазалау немесе қысым көрсету құралы болмауы тиіс.

Керісінше, ол мұғалімдердің күнделікті еңбегін бағалайтын, кәсіби дамуына ықпал ететін жүйеге айналуы қажет.

Министр педагогтерден келіп түскен мыңдаған хаттар мен пікірлерді атап өтті. Олардың ішінде пәндік тестілеудің мұғалімдерге үлкен стресс әкелгені жиі айтылған. Кейбір жағдайларда бұл денсаулыққа да кері әсер еткен.

Ұстаздарымыздың көпшілігі бірнеше жыл білім алып, бүгінде мектепте еңбек етіп жүр. Бүгінгі таңда сыныпқа кіріп, тақта алдында 40 минут сабақ беру - үлкен еңбек. Әр баланың психоэмоционалдық жағдайы әртүрлі. Мұндай жағдайда сабақ беру – ерлікпен тең, - деді министр.

Осыған байланысты министрлік мұғалімдерді артық жүктемеден босату, формалды талаптарды азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Біз мұғалімді қинамай, керісінше қолдауымыз керек. Аттестация – мұғалімнің біліктілігін арттыруға, оның кәсіби деңгейін көрсетуге мүмкіндік беретін құрал болуы тиіс, - деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.

Наверх