Оңтүстікте мақтаға қарағанда жүгері өсірген пайдалы - министр

25 Мамыр 2023, 12:23
2702
Бөлісу:
Оңтүстікте мақтаға қарағанда жүгері өсірген пайдалы - министр
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев суармалы жерлерді пайдалану мен су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде ақпарат беру үшін Сенаттың жалпы отырысына келді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мақта мен күріш - ылғалды көп қажет ететін дақылдар. Сондықтан олардың егістерін азайту бойынша жоспар бар. Мәселен биыл Түркістан облысында мақта алқаптары 14,8 мың гектарға азайтылды. Бірақ біз оның орнына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар әкеліп жатырмыз. Себебі олардың пайдасы орасан. Ол үшін терең өндейтін зауыттар салуымыз қажет. Сол кезде жүгерінің 1 гектардан түсетін табысы мақтаға қарағанда 3 есе көп болады, - деді министр.

Оның айтуынша, шаруаларға мұндай шаралар мен қаржылық қолдау суды үнемдеу мақсатында ұсынылып отыр. Жоспар бойынша 5-6 жылда мақта алқаптары 50 мың гектарға азаяды.

Күріштің ерекшелігі - жердің тұздануы. Сондықтан бұл да өте өзекті мәселе. Қызылорда облысында дақылдарды әртараптандырып, жаңа технологиялар енгізетін болсақ, күріш алқаптарын азайтуға болады. Оның орнына пайдасы көп дақыл егуге мүмкіндік туады. Мәселен биыл облыстағы 196 мың гектар суармалы жердің жартысына күріш егілген. Ал жартысында мал азығы, көкөніс пен дәнді дақыл өсіріледі. Сондықтан мәселені жүйелі шешілу керек, - деді министр.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай шараларды жан-жақты ойланып жасау керек.

Түркістанда мақтаның, Қызылордада күріштің алқаптарын азайту дұрыс шығар. Дегенмен ең бастысы жағдайды ақылмен, ғалымдармен талқылап, ойланып шешу керек. Су үнемдеу мәселесі өте өзекті, содықтан бұл жай ғана бюрократиялық жолмен, бұйрықпен шешілетін мәселе емес, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы