Оңтүстік Кореядан елге 250 көлік заңсыз кіргізілген

8 Маусым 2023, 18:35
508
Бөлісу:
Оңтүстік Кореядан елге 250 көлік заңсыз кіргізілген
Фото: Polisia.kz

Алматы полициясы Оңтүстік Кореядан келген көліктерді заңсыз тіркеудің жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, бұл тізбекте “Азаматтарға арналған үкімет” АҚ-ға қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан көлік алып келуді жолға қойған К. есімді азамат күдікті деп танылды.

К. есімді азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен қылмыстық келісімге келіп, Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын тіркеуге негіз болатын құжаттарға жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды. Осы заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдар, яғни 340 млн теңгеден астам сомманы төлеуден жалтарған. Тергеудің осы кезеңінде 250 көліктің осындай қылмыстық тізбекпен алып келініп, тіркелгені анықталды, – деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.

Баяндамашы ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша қозғалған қылмыстық істі Алматы қалалық ПД анықтау басқармасында тергеп жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы