Оңтүстік Корея парламентінде президентке импичмент жариялау туралы заңға қатысты дауыс беру 7 желтоқсанға Астана уақытымен 15:00-ге белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Импичмент жариялау үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет. Демек 300 парламентарийдің кемі 200-і қолдауы тиіс. Олар мақұлдаса, Юн Сок Ёльдің өкілеттігі бірден тоқтатылып, оның міндетін премьер-министр атқарады.
Соңғы шешімді конституциялық сот қабылдайды. Ол импичментті қолдаса, 60 күн ішінде жаңа сайлау өтетін болады. Айта кеткен жөн, 3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай туралы жария еткен.
Юн Сок Ёль бұл шешімді Солтүстік Корея тарапынан төнген қауіппен және конституциялық құрылымды сақтау қажеттілігімен түсіндірді. Сондай-ақ оппозицияны мемлекетке қарсы әрекет етіп жатыр деп айыптады.
Алайда мұны отанға опасыздық жасауға теңеген оппозициялық партиялар мен қоғамдық бірлестіктер мемлекет басшысының отставкаға кетуін талап етіп, импичмент жариялауға шақырды. Тұрғындар да президенттің қызметінен кетуін талап етіп, наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея президенті халықтың сенімінен айырылғаны туралы осыған дейін жазғанбыз. Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёл елде төтенше жағдай жариялаған еді.