Оңтүстік Корея президенті Корей соғысын түпкілікті аяқтауға шақырды

Ли Чжэ Мён КХДР-мен келіссөздерді қайта бастап, Корей түбегінде бейбітшілік орнатуға шақырды.

 istockphoto.com 15 Тамыз 2026, 16:50
15 Тамыз 2026, 16:50
119
Фото: istockphoto.com

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Корея түбегіндегі қазіргі бітімнен толыққанды бейбітшілікке көшу үшін КХДР-мен келіссөздерді қайта бастауға шақырды.

Кореяның жапон отаршылдығынан азат етілген күніне орай сөйлеген сөзінде Ли Солтүстік пен Оңтүстік бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, Сеул жаңа қақтығыстың алдын алуға кепілдік беретін тетіктерді қалыптастырып, «бейбітшілік режимін» орнатуға күш салмақ.

Ли сондай-ақ 1950-1953 жылдардағы Корей соғысын ресми түрде аяқтау үшін КХДР мен басқа да мүдделі тараптарды диалогқа шақырды. Сол кезде соғыс қимылдары бітім туралы келісім жасалғаннан кейін тоқтағанымен, бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылған жоқ, деп жазады The Guardian.

Оңтүстік Корея президенті ықтимал келіссөздер аясында Пхеньянның ядролық әлеуетін шектеу шараларын да талқылау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сеул шиеленісті біртіндеп бәсеңдетіп, жағдайдың ушығуына жол бермейтін көпдеңгейлі қауіпсіздік тетіктерін құруға дайын.

Соған қарамастан, екі Корея арасындағы қарым-қатынас әлі де тоқырап тұр. Ким Чен Ын бұған дейін қайта бірігу бағытынан бас тартып, Оңтүстік Кореяны дұшпан мемлекет деп атаған. Пхеньян Сеулдің ынтымақтастық туралы ұсыныстарын да қабылдамай, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери жаттығуларын сынға алған.

Ли осы сөзінде Жапониямен қарым-қатынас мәселесіне де тоқталды. Ол тарихи өткенді ұмытпауға, сонымен бірге ынтымақтастықты дамытуға шақырып, екі ел арасындағы «бейбітшілік пен өркендеудің жаңа 60 жылына» үміт білдірді.

Наверх