Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен брифингте жеке куәлікті онлайн режимде қайта рәсімдеу процесіндегі кедергілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр бұл жағдайды пилоттық кезеңмен байланыстырды.
Біз кез келген жаңа өнімді іске қосқанда сынақ кезеңі болатынын мойындаймыз. Бұл жеке куәлікті қайта рәсімдеу қызметі де пилоттық форматта іске қосылды. Қазірге дейін оны тестілеуден өткізіп жатырмыз, толық іске қосылған жоқ, – деді Ростислав Коняшкин.
Айтуынша, фотосуреттердің сапасын талдайтын модель қайта тексерілетін болады.
Қазіргі кезде бізде бар негізгі мәселе – осы. Технологияны деректердің үлкен көлемі негізінде жетілдіріп жатырмыз. Сәтті нәтижелер де бар, сәтсіздері де кездеседі. Соған қарай модельді қайта оқытып жатырмыз, ол әр жолы жақсарып келеді. Қызметтің толық тұрақты әрі мінсіз жұмыс істейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана пилоттық жобаның аяқталғанын жариялап, толық онлайн форматқа көшеміз, - деп түсіндірді вице-министр.