Вице-министр Aitu мессенджеріне қатысты сынға жауап берді

Ай сайын 1 млн-нан астам қолданушысы бар платформаға қатысты министрлік түсініктеме берді.

 gov.kz Бүгiн 2026, 12:41
Бүгiн 2026, 12:41
123
Фото: gov.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен брифингте қазақстандықтардың Aitu мессенджеріне қатысты сыни пікірлеріне жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Aitu мессенджерін ай сайын 1 млн-нан астам белсенді қолданушы пайдаланады.

Айта кетерлігі, бұл көрсеткішке Aitu мессенджерінің қарапайым пайдаланушылары ғана емес, сонымен қатар оны өз жұмысында қолданатын корпоративтік шешімдердің клиенттік базасы да кіреді. Aitu туралы айтқанда, бұл Цифрлық даму министрлігі немесе қандай да бір мемлекеттік компания тікелей әзірлеген өнім емес екенін түсінуіміз керек. Бұл – BTS Digital компаниясының өнімі, олар оны өздері дамытып отыр. Біз өз тарапымыздан осы өнімді жетілдіру бойынша кері байланыс беруге тырысамыз, – деді Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ ол Aitu-ды ресейлік «Макс» мессенджерімен салыстыруға қатысты пікір білдірді.

Мұндай салыстыру орынсыз деп ойлаймын. Бізде басқа мессенджерлерге немесе шетелдік өнімдерге қатысты ешқандай шектеу жоқ. Әр азамат өзіне ыңғайлы, құндылық көретін өнімді өзі таңдайды. Aitu платформасына келсек, онда тек мессенджер ғана емес, қосымша мүмкіндіктер де бар: жаңалықтар лентасы, музыкалық контент және басқа да қызметтер. Сондықтан әркім өзі қалаған сервисті пайдаланады. App Store мен Play Market-тегі пікірлерге келсек, оны өзім арнайы қарап шықпадым. Бұл мәселе бойынша әзірлеуші компанияға жүгінсеңіздер, олар толығырақ жауап бере алады, – дейді вице-министр. 

Еске салайық, бұған дейін министрлік Aitu платформасы маңызды ақпараттық-коммуникациялық объектілерге жататынын айтқан болатын.

Наверх