Онлайн санақ, 87 сұрақ, 104 мың теңге жалақы: Халық санағы туралы не білеміз?

13 Шілде 2021, 16:36
3329
Бөлісу:
Онлайн санақ, 87 сұрақ, 104 мың теңге жалақы: Халық санағы туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының қонағы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы Бауыржан Әлжанов биыл елімізде өткізілетін Ұлттық халық санағы жайында айтып берді.

Қазір халық санағына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – 10 жылда бір рет өткізілетін үлкен саяси науқан. Санаққа 87 сұрақ дайындалды, оның 67-і негізгі және қалғаны қосымша сұрақ. Яғни санақ кезінде тек халықтың санын білумен ғана шектелмейді. Халықтың санын басқа, бұл мемлекет, қоғам үшін жасалатын қор. Халықтың тұрмыс-тіршілігін зерттеліп, олардың саяси-демографиялық базасы құрылады, - дейді ол.

Халық санағының бірінші кезеңіне 6 мыңнан астам адам қатысуда. Ал республика бойынша жалпы халық санағына 32 мыңнан аса адам тартылады.

Халық санағына қатысқан адамдарға жалақы төленеді. Тиісті еңбек шарты жасалады. Жалақы көлемі 82 мыңнан 104 мың теңгеге дейін болады. Халық санаңы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн түрде арнайы сайт арқылы өтеді. 1 қазаннан 30 қазанға дейін планшет арқылы өткізіледі. Бұл пандемия кезінде халық пен интервьюерлердің қарым-қатынасын азайту үшін онлайн түрде 45 күн өткізу туралы шешім қабылданды, - деп түсіндірді маман.

Оның сөзінше, онлайн санақтан өтпеген халықты интервьюерлерден үйлерін аралап, сауал жүргізеді. Сонымен қатар әр аймақ, қалада орналасқан статистика департаменттеріне жүгініп, жұмыс туралы білуге болады. Санақ кезінде жұмыс істейтін адамдар 3 күн оқытудан өтеді.

Сонымен қатар Бауыржан Әлжанов санақ жүргізетін мамандарды қалай танитынымыз туралы айтып берді.

Олардың аумақтық статистика органдары берген жеке куәліктері болады. Куәлікте азаматтың фотосуреті және статистика органдары бекіткен мөрі бекітілген. Одан бөлек, маманның қолында санақ логотипі жапсырылған көк түсті портфелі және шарфы болады, - деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы.

Оның айтуынша, әр интервьюердің куәлікте көрсетілген жеке нөмірін санақтың сайтындағы арнайы жолаққа енгізіп, оның деректерімен танысуға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ 1446 жедел желі арқылы да толық мағлұматты алуға болады.

sanaq.gov.kz порталы арқылы санаққа қатысқан халықтың жеке деректері қаншалықты қорғалғаны туралы сөз қозғалды.

Жіберілген деректер арнайы қорғалған VPN арнасы арқылы ғана жүреді. Сондай-ақ жеке деректер шифрланған күйде болады. Яғни деректерді басқа біреулер ашып, қарай алмайды, - деп толықтырды Бауыржан Әлжанов.

Маман атап өткендей, санақ кезінде нақты деректер алу үшін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қолданылады.

Өзгелердің жаңалығы