Өңірлерге тартылған мұғалімдерге жоғары жалақы төленеді

10 Наурыз 2022, 15:33
1896
Бөлісу:
Өңірлерге тартылған мұғалімдерге жоғары жалақы төленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мұғалім тапшылығы мәселесін шешу жобасы қосымша қаржыны қажет ететінін айтты.

Бұл – өте маңызды, қажетті жоба (Мұғалім тапшылығы бар өңірлерге мамандарды тартудың арнайы бағдарламасы – ред.). Ең бастысы – мұғалім тапшылығы мәселесін шешу, білім беру сапасын арттыру. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге тиісті тапсырма берген болатын. Әрине, бұл жоба қосымша қаржыны қажет етеді. Оны бөлу бойынша Қаржы министрлігімен жұмыс жүргіздік. Бюджетке қатысты ұсынысымызды бердік, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Министр ұсыныс қабылданғанын айтты. Ол бұл мәселе шешіледі деп есептейді.

Бүгінгі күні 4 өңір бойынша (Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстары) бірнеше проблема бар. Атап айтқанда, мұғалім жетіспеушілігі, білім беру сапасының төменгі көрсеткіші, - деді ол.

Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстанда бойынша білім беру сапасы 4 өңір соңғы орындарда тұр.

Бұл мәселені еліміздің ұлттық рейтингтері де, халықаралық салыстырмалы талдамалар да көрсетіп отыр. Сол себепті тиісті жұмысты жүргізуіміз керек. Әрине, тек жұмыс істеп жатқан мұғалімдермен ғана жұмыс істемеу керек. Оған қоса, білімді, білікті кадрларды тартып, олар үшін ынталандыру тетіктерін де қарастырған жөн, - деп айтты БҒМ басшысы жиналыста.

Министр әлеуметтік арнайы пакетті қарастыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Яғни өңірлерге тартылған мұғалімдер үшін жоғары жалақысы, арнайы жұмыс жағдайы белгіленеді. Бас ұстаздың ойынша, бұл білім сапасының артуына септігін тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы