Өңірлерде тазартқыш станциялары тек тексеру келгенде ғана қосылады - депутат

14 Қыркүйек 2022, 17:59
1211
Бөлісу:
Өңірлерде тазартқыш станциялары тек тексеру келгенде ғана қосылады - депутат

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғани Ташқараевтың Премьер-министр Әлихан Смайыловқа су ресурстары мәселесі туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Менің депутаттық сауалым өңірлерге іссапар барысында көтерілген су ресурстары мәселелері жайында. Қазіргі таңда су тапшылығы ғаламдық деңгейде өзекті проблемаға айналып отыр. БҰҰ бағалауы бойынша, 2030 жылы жер шары халқының тең жарты өндірістік, ауыл шаруашылығы және жеке қажеттіліктер үшін тұщы су жеткіліксіз аймақтарда өмір сүретін болады. Әсіресе, суармалы егістікпен айналысатын қуаңшылық аймақтар үлкен зардап шегеді, - деді ол.

Ол еліміздегі су саласының жағдайы сын көтермейтінін айтты.

Су қорғау аймақтарында кейбір шаруашылық қызмет түрлерінің заңсыз жүргізілуі немесе экологиялық заңнама талаптарының  бұзылуы су қорларының ластануына және азаюына, жерасты сулары деңгейінің  төмендеуіне және су тапшылығына әкеп соқтыруда, - деді депутат.

Депутат бүгінде су саласының проблемалары шешімін әлі таппағаны және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында қаражаттың көзделмегені қынжылтатынын айтты. 

Осы орайда, 2022 жылғы 17 маусымда Парламент Мәжілісінде "Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары" тақырыбында парламенттік тыңдау өткізілді. Аталған шара барысында  су шаруашылығының өзекті мәселелері, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау объектілері мен нысандарын қайта жаңғырту, су қорларын үнемді пайдалану,  суды тұтыну кезіндегі шығынды азайту жолдары талқыланып, оларды шешу бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Алайда қазіргі таңда су саласының проблемалары шешімін әлі таппағаны және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында қаражаттың көзделмегені қынжылтады, - деді ол.

Ол қазірдің өзінде  кейбір өңірлерде су тапшылығының келеңсіз салдары көрініс бере бастағанын айтады. 

Түркістан облысы Сайрам ауданының суармалы егістікпен айналысатын диқандары егістіктің 60-%-ға жуығын жоғалтып, шығынға батуда. Мұндай ахуал еліміздің барлық өңірлерінде орын алып отыр. Бұған дәлел, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ағымдағы жылғы 1-қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауында су ресурстары тапшылығын ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өтті, - деді депутат.

Еліміздің су саласындағы жағдайдың шиеленісуіне құзыретті органдардың жауапсыздығы мен салғырттығы да өз әсерін тигізіп отыр. 

Мысалға, кейбір ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, "Казводхоз" РМК 2021 жылы енгізілуге жоспарланған және бюджеттен құны төленген объектілердің 30 % -ын ғана пайдалануға берген. Жерүсті және жерасты суларының ластануына әкеп соқтыратын факторларға тоқталайық, олардың ең бастысы - өзен маңайында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстары. Ашық карьерлер өзен арналарында 15-30 метр тереңдікте қазылып, кейбірі заңды түрде, ал кейбірі заңсыз өзен арнасынан тас қазу жұмыстарын жүргізеді. Өңірлік экология департаменттерінің тек қана жұмысты тоқтату жайында хабарлама беруден басқаға қауқары жоқ, - деді Ғани Ташқараев.

Ғани Ташқараев өңірлерде тазартқыш станциялардың жұмысы тек тексеру келгенде ғана қосылып, жұмыс істейтінін айтты.

Екінші фактор - жабылған карьерлерде рекультивация жұмыстарының жүргізілмеуі. Бұрынғы карьер орындары қоқыс полигондарына айналып, өз кезегінде жерасты суларының ластану қаупін туғызуда. Келесі фактор - су қорғау аймақтарында мал шаруашылық фермалары мен өзге де нысандардың салынуы. Осындай шаруашылықтың қалдықтары тікелей өзен арнасына тасталады. Төртіншісі - су тазартқыш станциялардың жұмысы. Өңірлерге сапар барысында тазартқыш станциялардың жұмысы тек тексеру келгенде ғана қосылып, жұмыс істейтініне көзім жетті. Осы орайда айта кететін жайт - кіші су қоймаларын салу су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді.  Атап айтқанда, Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан Ақсу өзенінің бойында кіші су қоймасын соғуға толық мүмкіндіктер барына көз жеткіздім. Алайда жауапты әкімшілік тарапынан мұндай ұсыныстар қолдау таппай отыр, - деді ол.

Депутат осы айтылғандардың негізінде келесідей шараларды ұсынды.

  1. Еліміздегі карьерлер жұмысының заңдылығын қайта тексеріп, оларды өзен арналарынан алыстатуды қарастыру қажет. Бұдан басқа, еліміздегі су қорғау аймақтарына мониторинг жасалып, нысандардың экологиялық қауіпсіздіктерін тексеру жұмыстары жүргізілсін.
  2. Жабылған карьерлерде рекультивация жұмыстарының жүргізілуін қатаң бақылауға алып, олар орындалмаған жағдайда қатаң шара колдануды сұраймын.
  3. Жабылған карьерлерде гидро-геологиялық тексеру жұмыстарын жүргізіп, жерасты суларының ластануы бойынша алдын алу шараларын қарастыру қажет.
  4. Экология, геология және табиғи ресурстар министірлігіне қарасты Су ресурстар комитетіне еліміздегі су қорларының көлемін көбейту мақсатында кіші су қоймаларын салуды қарастырып, жол картасын жасау тапсырылсын.
Өзгелердің жаңалығы