Абай облысына 2024 жылы "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару" бағдарламасы аясында 530 адам көшіп келген. Оның ішінде 310 қоныс аударушы, 220 қандас бар. Өңірге қоныс аударып, мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде баспаналы болғандардың бірі – Руслан мен Гүлназат. Жамбыл облысының Меркі ауданынан Абай өңіріне көшіп келгеніне жарты жылға жуық уақыт болған Гулназат Умбеталиева BAQ.kz тілшісіне сұхбат берді.
Абай облысына қоныс аудару туралы шешімді қалай қабылдадыңыздар?
Семей қаласына былтыр тамыз айында қоныс аудардық . Бұған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында тұрдық. Өзім Меркінің қызымын, жолдасыммен де сол жерде танысып отау құрдық. Жолдасым бұрынғы әскери қызметкер. Қоныс аудару бағдарламасы туралы естіп, жаңа мүмкіндіктерге ие боламыз деп шештік. Жаңа орта, жаңа жұмыс, жақсы өмір сүру үшін үлкен қадам жасадық,- дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Қоныс аудару кезінде қандай мемлекеттік қолдаулар көрсетілді?
Көшіп келу барысында материалдық көмек берілді. Сонымен қатар баспана алуға да жәрдемдесті. Тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификатын алып баспаналы болдық. Мұндай қолдау шаралары жаңа ортаға тез бейімделуге үлкен мүмкіндік береді. Жұмысқа орналасу мәселесі де шешімін тауып, отбасымызбен жаңа өмір бастауға жағдай жасалды. Осындай игі бастамалар өзге де қоныс аударушыларға үлкен көмек болатынына сенімім мол, - дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Жаңа ортаға бейімделу қиын болған жоқ па?
Жоқ қиындықтар кездеспеді. Семей қаласының мансап орталығына құжаттар өткізіп, өңірлік квота комиссиясынан өттік. Осылайша мемлекет тарапынан көмек алдық. Барлығына көңілім толады. Мүмкіндіктер үшін ризамын. Қоныс аударуға жәрдемдескен мұндай бағдарламаның бары көңіл қуантады. Қазір Семейге толық бейімделдік,- дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Қазір қандай жұмыспен айналысасыздар?
Бүгінде екі бала тәрбиелеп отырған жас отбасымыз. Айтып кеткенімдей жолдасым Руслан бұрынғы әскери қызметкер, қазір қаладағы колледждердің бірінде мұғалім ретінде қызмет атқарады. Ал, менің мамандығым – қаржыгер. Бұған дейін өзім туып өскен өңірде 5 жыл банкте жұмыс істедім. Қазір ломбардта бағалау эксперті болып жұмысқа орналастым. Қос бүлдіршініміз Шах-Нұр мен Ізбасар балабақшаға барып жүр,- дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Бұл бағдарламаның қоныс аударушылар үшін қандай маңызы бар деп ойлайсыздар?
Бағдарлама шын мәнінде қоныс аударушылар үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік қолдау болмаса, жаңа қалаға келіп, бірден жұмыс тауып, үй алу қиын болар еді. Сондықтан осындай бастамалар халыққа үлкен көмек деп ойлаймын, - дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Бағдарлама бойынша басқа да қандай қолдаулар қарастырылған?
Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару’’ бағдарламасы аясында отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275 240 теңге) көлемінде көшуге бір реттік материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстары төленеді. Тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Сертификат соммасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50%, яғни 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде болады. Сондай-ақ олар қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі, - Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
2024 жылы бағдарлама шеңберінде қанша отбасы көшіп келді?
Былтыр 188 отбасы, яғни 530 адам Абай облысына көшіп келді. Оның ішінде 310 қоныс аударушы, 220 қандас. Бұл ретте Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан келгендерден бөлек, ҚХР, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен тарихи атамекеніне оралғандар қандастар да бар. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 503 адамға көшу шығыстарын өтеу үшін бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары өтелді. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді, - Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
2025 жылы бағдарлама аясында қанша адамды қабылдау жоспарланған?
Биыл "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару" бағдарламасы шеңберінде 499 адамға (244 қандас, 255 қоныс аударушы) қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы жоспарланған, - Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
Қоныс аударуға ниетті адамдарға қандай кеңес берер едіңіздер?:
Егер жаңа өмір бастағыңыз келсе, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланыңыз. Бастапқыда қиындықтар болуы мүмкін, бірақ берілген қолдау шаралары жаңа ортаға тез бейімделуге көмектеседі,- дейді Гүлназат Умбеталивеа.
Сұхбат бергендеріңіз үшін рақмет!
Фариза Талғатбек