Түркістан облысы мен Шымкент дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес үлесі жоғары өңірлер ретінде қабылданады. Алайда бұл аймақтар көп жағдайда республикалық субсидияларға тәуелді деген пікір де бар.
Бар әлеуетті экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне қалай айналдыруға болады? Ауылдар индустриялық серпіліске ненің есебінен қол жеткізе алады? Неліктен әйел кәсіпкерлерге салынған инвестиция – болашаққа жасалған сенімді қадам? «Балмұздақ» компаниясының CEO-сы, Lengerskoe брендімен балмұздақ шығаратын кәсіпорын басшысы Дилафруз Мадиева өз көзқарасымен бөлісті.
Өсу нүктелері: адам капиталы, географиялық мүмкіндік және инвестиция
Отандық тамақ өнеркәсібі сапалы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 665 млрд теңгеге жетсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша сала көрсеткіші 3,9 трлн теңгені құрады.
Түркістан облысы мен Шымкенттің басты әлеуеті – адамдар. Бұл – халық ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Ал оны тиімді географиялық орналасуымен ұштастырсақ, экспорт үшін үлкен мүмкіндік ашылады. Біздің кәсіпорынның тәжірибесі көрсеткендей, шағын ауылдың өзінде әлемдік деңгейдегі өнім шығарып, оны Ресей, Өзбекстан және Қытай нарығына жеткізуге болады, – дейді ол.
«Ақылды фабрикалар»: көшбасшылыққа бастайтын жаңа тренд
Бүгінде өнеркәсіп саласының алдындағы негізгі міндеттердің бірі – цифрлық трансформация.
Жақында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев роботтандыру, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект тамақ өнеркәсібінде үлкен өзгеріс жасап жатқанын атап өтті. Егер біз көшбасшылар қатарында болғымыз келсе, бұл үрдіске дәл қазір назар аударуымыз керек, – дейді Дилафруз Мадиева.
Бүгінде компания зауыты 70%-ға автоматтандырылған, ХАССП стандарттары мен Кайдзен жүйесі енгізілген, сондай-ақ жеке күн электр станциясы салынған. Дегенмен инновацияларды кеңінен енгізу кезінде инфрақұрылым мәселелері жиі кедергі келтіреді.
Әр ауданда “ақылды фабрикалар” ашылуы үшін мемлекет дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтарды дамытуы маңызды. Яғни жарығы, газы, суы жеткізілген алаң болуы керек. Кәсіпкер келіп, жабдығын орнатып, бағдарламасын қосып, жылдар бойы келісім күтіп жүрмей, бірден жұмыс бастауы қажет. Тек осылай ғана біз импорттық шикізатты алмастырып, жоғары технологиялық өндірістік хаб қалыптастыра аламыз, – деп есептейді ол.
Ауылдың дамуы және әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «жасыл дәліз»
Ауылдағы өндіріс орындары жастардың көшуін тежеп, жергілікті жерлерде тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырады. Дегенмен ауыл кәсіпкерлері маман тапшылығы мен инфрақұрылымдағы қиындықтарға жиі тап болады.
Кадрларды сақтап қалу үшін ауылдағы бизнеске қосымша мүмкіндік пен қолдау қажет. Мақсатты салықтық жеңілдіктер кәсіпорындардың аяғынан нық тұруына көмектесер еді, – дейді Дилафруз Мадиева.
Тағы бір маңызды бағыт – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау.
Әйелдер бизнесінің ерекшелігі – ол көбіне қоғамның күнделікті нақты қажеттіліктерінің айналасында құрылады: сапалы тамақ, денсаулық, білім беру, тұрмыстық қызмет көрсету салалары. Кәсіпкер әйелдер халықтың күнделікті сұранысына жауап береді. Бірақ оларға нақты құралдар қажет: жеңілдетілген несие, бизнес-білім және сауда желілеріне шығуға қолдау. Бизнестегі әйелдер үшін “жасыл дәліз” керек. Біз кәсіпкер ананы қолдау арқылы бүкіл отбасының әл-ауқатына инвестиция саламыз. Ана табысты болса, балалары да табысты болады, – деп түйіндеді Дилафруз Мадиева.