Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші

16 Қараша 2022, 14:05
1568
Бөлісу:
Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші
Фото: автордан

ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев Көкшетауға жұмыс сапары кезінде бірқатар өндірістік нысандарды аралады, деп хабарлады осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министр алдымен ТМД-дағы ірі сервистік орталық – «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС-нің жұмысымен танысты. 

Бүгінгі күні John Deere агротехникасының толық желісіне қызмет көрсету орталығында 242 қызметкер жұмыс істейді. 

Еліміз бойынша қосалқы бөлшектердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етіп келеді. Орталықта ауыл шаруашылығы техникаларын күрделі жөндеуден өткізу, қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылады. Негізгі шикізат көзі – қосалқы бөлшектер АҚШ, Канада елдерінен жеткізіледі. 

Арман Шаққалиев озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану еңбек өнімділігін арттыруда маңызы зор екеніне тоқталды.

«Мемлекет қолдауының арқасында өңірлерде ірі жобалар іске асырылуда. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алда да ауқымды жобаларға тиісті қолдау көрсету жалғасатын болады», - деді вице-министр.

Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші

Вице-министр облыс орталығындағы «Sinegor-Grain»  ЖШС-ін аралап көрді. 

Кәсіпорын жұмысы дәнді және майлы дақылдарды сақтауға және өңдеуге бағытталған. Сондай-ақ І, ІІ сұрыпты ұн, кебек өндірісімен айналысады. 2020 жылдың маусым айында кептіру және диірмен кешендері іске қосылды.

Жобаның құны-1 миллиард теңгеден асады және мұның бәрі кәсіпорынның өз қаражаты.

«Диірмен кешені Ресей, Түркия өндірісінің инновациялық технологиясымен жабдықталған. Астық пен майлы дақылдарды бір мезгілде қабылдай алатын 2 бірегей қабылдау-өңдеу желісі бар. Элеватордың сыйымдылығы - 30 мың тонна, диірмендер тәулігіне 160 тонна ұн өндіреді. Кәсіпорын толық жобалық қуатында жұмыс істеген кезде өнімділік жылына 57 мың тонна ұнды құрайтын болады», - дейді серіктестік директоры Жасұлан Қайыргелдіұлы.

Индустриалды кешен базасында 6 мың тонна астық сақтау алаңы , кептіру, тазарту қондырғылары бар. Қазіргі күні серіктестікте 60 адам жұмыс істейді, орташа айлық жалақы – 200 мың теңге. Кәсіпорын астықты Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алады.

Қайта өңделген өнімге Ауғаныстан,Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Ресейде сұраныс жоғары. Аталған елдерге теміржол көлігі арқылы дайын өнім жеткізіледі. 

«2023 жылы майлы дақылдар желісін іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы мақсатымыз – майлы дақылдарды өңдеуді игеру, Ақмола облысында құрама жем шығаруды жолға қою», – дейді серіктестік директоры.

Вице-министр Арман Шаққалиев полипропилен қаптар мен «биг-бэг» контейнерлерін өндіретін «Новопэк» кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші

Кәсіпорын директоры Рүстем Усмановтың айтуынша, кәсіпорын айына 10 млн қап, 200 мың «биг-бэг» контейнерлерін өндіруге қауқарлы. Биыл 9557,1 млн теңгенің өнімі өндірілді. Зауыт Батыс Еуропа мен Тайвань елдерінен әкелінген заманауи технологиямен жабдықталған, әлемдік стандарт талаптарына жауап береді. Ауыр жүк контейнерлерін өндіруге сертификаты бар. 

«Ылғалға төзімсіз өнімдерге арналған қаптама өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаптар ішкі жағынан ламинатталады. Екі аптадан соң Қытайдан арнайы мамандар келіп өндірісті іске қосады», - деді кәсіпорын директоры Рүстем Усманов. 

Вице-министр жаңа технологияда жұмыс істейтін мамандар жайлы сұрады.

«Бізде осыған ұқсас технология бұған дейін де іске қосылды. Онда жаңа технологияның тілін жетік меңгерген мамандар жұмыс істейді. Компанияның ішкі нарықтағы үлесі - 80%-ды құрап отыр. Өнім елімізбен қатар Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдеріне экспортталады. Егер шикізат мәселесін шешімін тапса, ішкі нарықта өнім бағасы арзанырақ болар еді», - деп жауап берді кәсіпорын директоры. 

Өндіріс орнында 750 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қосымша 500 тұрақты жұмыс орындарын ашты. Өңірде өнімге сұраныс көбейгенімен, импорттың көптігі кәсіпорын сыртқы нарыққа шығуына кедергі келтіріп отырғанын алға тартты кәсіпорын басшысы. 

«Әлемдік нарықта бәсекелестік көп. Алайда кәсіпорын жоғары сапалы өнім өндіруімен ерекшеленіп отырғанын атап өткім келеді. Арзан өнім ұсынатындардың сапасы ойлантады. Бұл мәселе бақылауда болады», - деді вице-министр.

Вице-министр ат басын бұрған келесі нысан – «Гормолзавод» кәсіпорны жылына 7600 тонна өнім өндіруге қауқарлы.  Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында 3399,1 млн теңгеге 9872 тонна сүт, 433 тонна қышқыл сүт өнімдері, 365 тонна сары май өндірілді. 

Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші

Вице-министр өнім ассортиментімен танысу барысында кәсіпорын жұмысына оң баға берді.

«Бүгінде «Гормолзавод» бренді ақмолалықтардың мақтанышына айналды. Компания елорда нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқанына бірінші жыл емес. Сүт өнімдері – табиғи қаймақ, йогурт, сүт, қоспа, құрт, айран, сүзбе, сары май мен ірімшік түрлерін Астана қаласының тұрғындары ғана емес, еліміздің басқа да қалалары белсенді түрде сатып алады», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Өткен жылы құрғақшылық салдарынан жем азық дайындау қиындық туғызғаны белгілі.  Мал ұстау қиын және қымбат болды, бұл өнім өндіру сапасына едәуір әсер еткенін айтты серіктестік директоры.

«Елордадағы өнімдеріміз ірі супермаркеттерде, «AQMOL» бөлшек сауда желісінде және шағын сауда орындарында кеңінен ұсынылған. Сонымен қатар, «Гормолзавод» өкілдерімен бірлесіп ашылған фирмалық сауда нүктелері жұмыс істейді», - деді "Гормолзавод" ЖШС директоры Ерсайын Жақсылықов. 

Өнім сапасы  – кәсіпорын қызметінің маңызды көрсеткіші

Оның айтуынша, халықты сапалы табиғи өніммен қамтамасыз ету – сүт кәсіпорнының басым міндеті.

«Табиғи сүттің сапасын сақтау үшін біз өзіміз де жемазық дайындаймыз, 400 бас ірі қараға арналған фермамыз бар. Пандемия кезінде мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірілетін өнім ассортименті кеңейтіліп, сүт өндірісі мен балмұздақ өндіретін заманауи желі орнаттық. Инновациялық технология табиғи өнім сапасы мен сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті серіктестік директоры.

Зауыт аумағында күн сайын шығарылатын өнімнің сапасын бақылайтын зертхана бар. Компанияда 185 адам жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы