Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша 2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 202-і қаза болған. Бұл ретте 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,20 болған.
Осы тұста жарақат алудың ең жоғары деңгейі өнідірістік аймақтарда сақталуда. Мәселен Қарағанды облысында – 159 адам, ШҚО-да – 124 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Абай облысында – 101 адам, Қостанай облысында – 91 адам, зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 116 адам зардап шекті.
Ал экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1%.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%), жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (31%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,2%) және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,6%).
Сондықтан соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3%-ға төмендеді.
Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды.
Бұдан басқа, жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Онлайн еңбек консультанты» электрондық сервисі іске қосылды. Сервис іске қосылған сәттен бастап оны 42 985 жұмыс беруші пайдаланды.
Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Бұл тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2023 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу кезінде 547 адам (20-сы әйел) қаза тапқан. Ал өңдеу өнеркәсібі саласында 910 адам (102-сі әйел) мерт болған.
.png)
