Өндіріс, туризм, логистика: Қай салаларға жеңілдетілген қаржы беріледі?

17 Қараша 2026, 12:07
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 17 Қараша 2026, 12:07
17 Қараша 2026, 12:07
98
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Өңдеу өнеркәсібі, туризм, тасымал және логистика – жеңілдетілген қаржыландыруда басымдық берілетін салалар. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, экономиканың басым бағыттарын Үкімет айқындайды. Осы салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін нарықтағы жоғары пайызбен несие алу ауыр қаржылық жүктеме туғызады. Сондықтан оларды төменірек мөлшерлемемен қаржыландыру қажет.

Жоғары пайыздық мөлшерлемеге төтеп бере алмайтын экономика салалары бар. Біздің бағдарламалар аясында оларға, мысалы, өңдеу өнеркәсібі, туризм, тасымал және логистика жатады. Бұлар – басым салалар, сондықтан оларды жеңілдетілген мөлшерлемемен қолдау керек, – деді Фархат Сәрсекеев.

Қор басшысының түсіндіруінше, базалық мөлшерлемеге банктердің үстемесі қосылғанда, нарықтағы несие мөлшерлемесі шамамен 20 пайызға жетеді. Ал «Бәйтерек» холдингі бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың бірыңғай мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды.

Мұндай қолдаудың мақсаты – жоғары мөлшерлеме кезеңінде де басым салалардағы кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік беру.

Біз үшін маңызды салалар базалық мөлшерлеме жоғары болған кезде де дамуға тиіс. Мұндай тәжірибе бізде ғана емес, басқа елдерде де қолданылады, – деді ол.

Фархат Сәрсекеев кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыдан бөлек, несие бойынша кепілдік те ұсынылатынын айтты. Бұл тетік кепіл мүлкінің болмауына байланысты қаржыландыруға қол жеткізе алмай отырған бизнеске көмектесуге бағытталған.

Біз жеңілдетілген қаражатпен ғана емес, кепілдіктермен де қолдаймыз. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда кәсіпкерлердің қарыздары бойынша кепілгер боламыз. Мұндай шаралар экономиканың өсуі, жұмыс орындарының ашылуы және салық төленуі үшін қажет, – деді «Даму» қорының басшысы.

Наверх