- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Өндіріс бар, бірақ жеткіліксіз: Қазақстан неге әлі балықты сырттан алады?
Өндіріс бар, бірақ жеткіліксіз: Қазақстан неге әлі балықты сырттан алады?
Миллиардтар бөлінді, нәтиже қандай?
Бүгiн 2026, 07:30
Қазақстанда балық шаруашылығы соңғы жылдары дамып келеді. Мемлекет қаржыны көбейтіп, жаңа жобаларды іске қосып жатыр. Бірақ соған қарамастан ел әлі де импортқа тәуелді. BAQ.KZ тілшісінің арнайы сұрағына Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті жауап берді.
Миллиардтар бөлінді, нәтиже қандай?
2026 жылы аквашаруашылықты қолдауға бағытталған қаржы бірнеше арнамен бөлінді.
Биыл 1,9 млрд теңге – өнім сапасы мен асыл тұқымды балық өсіруге, 3,4 млрд теңге – инвестициялық шығындарды өтеуге, 1 млрд теңге – кредит пен лизинг пайыздарын субсидиялауға бөлінді, - деп көрсетеді министрлік.
Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру және техника мен жабдықтарды сатып алуға лизинг беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 1,0 млрд теңге көзделген.
Шаруашылықтар көбейді, бірақ жеткіліксіз
Қазір елде 1200-ден астам балық шаруашылығы субъектісі бар. Оның ішінде 682-сі – аквакультура.
Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Бұл – оң динамика. Бірақ өндіріс көлемі ішкі сұранысты толық жабуға әлі жетпейді, - дейді комитет өкілдері.
Нарықтағы басты мәселе – импорт
2025 жылғы дерек бойынша, былтыр жалпы нарық – 106,4 мың тоннаны құраған.
Оның ішінде 49,6 мың тонна ауланды, 22,9 мың тонна өсірілді, 21,1 мың тонна экспортталды және 55 мың тонна импортталды. Осылайша, жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 4 кг-нан 5,3 кг-ға дейін ұлғайды, ұсынылатын норма – 14,5 кг болып отыр, - делінген жауапта.
Комитет мәліметінше, балық аулаумен 700-ден астам балық шаруашылығы субъектілері айналысады. Негізінен, олар Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
Экспорт бар, бірақ теңгерім жоқ
Қазақстан балық өнімдерін 21 еліне (Германия, Латвия, Литва, Нидерланд, Ресей, Қытай және т.б.) экспорттайды, оның ішінде 20 кәсіпорынның ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқығы бар. Импорт негізінен мухит балықтарынан құралады, яғни импортқа тәуелділік 43 %.
Соған қарамастан, импорт көлемі экспорттан әлдеқайда жоғары. Бұл – нарықтағы теңгерімсіздіктің айқын көрінісі.
Қандай қолдау болады?
2024 жылдан бастап жаңа немесе қолданыстағы шаруашылықтарды құруға немесе кеңейтуге бағытталған, өндірістік қуаты жылына 25 тоннадан бастап аквашаруашылық объектілерін өсірумен айналысатын жобалар үшін жылдық 2,5 % мөлшерлемемен бюджеттік кредит беру іске асырылуда.
2024-2025 жылғы 10 субъектіге 5,7 млрд. теңге жеңілдетілген кредит берілді. Биылғы жылы әкімдіктермен бірлесіп құны 13,7 млрд теңге құрайтын 24 жоба анықталды, - дейді комитет.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер берілетін болады. Бұл бағытта алдын ала есептеліп қарастырылған кредиттеу көлемі 5,0 млрд теңгені құрайтын 14 жоба анықталды.
Бұдан өзге, комитет инвестициялық мақсатқа 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер мамыр айынан бастап берілетінін, алдын ала есептеліп қарастырылған кредиттеу көлемі 6,0 млрд теңгені құрайтын 18 жоба анықталып отырғанын айтты.
Салада кездесетін негізгі проблемалар қандай?
Комитет берген мәліметке сәйкес, бірінші кедергі - жем мәселесі.
Қажеттілік - 72 мың тоннаны құрайды, оның 18 мың тоннасы шет елден келетін болса 54 мың тоннасын отандық өндірушілермен қатар субьектілер өз цехтарында өндіруде.
Отандық жоғары технологиялық жем шығару өндірісі нарық көлемінде шектеулігіне байланысты импортқа тәуелдіміз, - деп түсіндіреді.
Қазіргі таңда жем көлемін арттыру бойынша 3 жобаны іске асыру көзделуде. Алматы, Ақмола, Маңғыстау облыстарында іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Ал 2021 жылғы сәуірде Үкіметпен 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ондағы басым бағыт - су айдындарының ресурстарына түсетін жүктемені азайту және оларды орнықты молықтыру мақсатында аквакультура субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту көзделген.
Бағдарламаның 2030 жылға дейінгі негізгі индикаторлары балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту, яғни тұтыну көлемін әр адамға шаққанда 12 кг жеткізу, - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін балық шаруашылығына серпін беру мақсатында кәсіпкерлерге 5%-бен несие ұсынылатыны хабарланды.
Ең оқылған:
- Астанада Моңғолия Ұлттық академиялық өнер театрының концерті өтті
- Трамп Иранмен атысты тоқтату режимін ұзартатынын мәлімдеді
- БҰҰ АҚШ пен Иран арасындағы бітімнің ұзартылуына үміт артып отыр
- Астанада электросамокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
- 32 градус ыстық және нөсер жаңбыр: Алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы
Аида БАТУХАН