Өңдеу өнеркәсібінде мамандар тапшы – Сенат төрағасы

24 Мамыр 2024, 12:24
261
Бөлісу:
Өңдеу өнеркәсібінде мамандар тапшы –  Сенат төрағасы
Фото: BAQ.KZ -архив

Сенат төрағасының айтуынша, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайтып, 450 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін елдің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 6% кем емес деңгейде өсуі керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы бағытта қуатты индустриялық базаны қалыптастыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дұрыс пайдалану және жаңаларын ашуды қамтамасыз ету керек. Жалпы, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу қарқынын көрсете отырып, ұлттық экономиканың флагманына айналуы тиіс. Соңғы бес жылда ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12%-ға дейін өсіп, тау-кен өнеркәсібі саласына жақындады. 2018-2023 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі екі еседен астам өсіп, 22 триллион теңгені құрады. Осы бес жылда физикалық өнім көлемі орташа жылдық өсу қарқыны 4,5%-ды құрап, 24,4%-ға өсті.Дегенмен, стратегиялық мақсаттарға жету үшін бұл динамика күшейтілуі керек,-деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, жалпы көрсеткіштерді ұлғайтып қана қоймай, осы саланың сапалы дамуын қамтамасыз етуге ұмтылу қажет.

Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінің 40%-ға жуығы металлургияға тиесілі. Бұл негізінен құны төмен өнімдер, аралық тұтыну тауарлары, өнеркәсіптік шикізаттар деңгейінде болып тұр. Осындай көріністі шикізаттық емес экспорт құрылымында да көріп отырмыз. Экономикалық күрделілік индексінде Қазақстан 130 елдің ішінде 88-орында тұр. Бұл ретте Қазақстаннан өңделген тауарлар экспорты 2023 жылы 6%-ға , ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында – 6,5%-ға, оның ішінде уран бойынша – 24%-дан астам, ферроқорытпалар бойынша – 15,5%-ға төмендеді.Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 10 жыл ішінде екі есе өсті. Бұл ретте оның 96 пайызы шағын бизнеске, 2,5 пайызы орта бизнеске, 1 пайызға жуығы ірі бизнеске тиесілі. Жанама түрде бұл компаниялардың жасанды бөлшектенуін және бизнестің өсуі мен шоғырлануы үшін ынталандырудың жеткіліксіздігін көрсетуі мүмкін,-деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, Сенат төрағасы өңдеу өнеркәсібіндегі кадр мәселесіне де тоқталды.

Кадр мәселесі де өткір тұр. Қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінде 613 мыңға жуық адам немесе жалпы жұмыспен қамтылғандардың 6,7 пайызы жұмыс істейді. Сонымен қатар, соңғы он жылда салада жұмыс істейтіндер саны небәрі 10 пайызға өскен. Сонымен қатар, көп салада білікті мамандар тапшы,-деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы