Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өңдеу өнеркәсібі 2025 жылы 5,9%-ға өсті

Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 27 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков журналистермен өткен баспасөз кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің мәліметінше, өсім металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларында оң динамикамен қамтамасыз етілген.

Биыл іске қосылған индустриялық жобалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосты. Жоспарланған 190 жобаның 173-і іске асырылды, нәтижесінде 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, – деді Олжас Сапарбеков.

Іске асырылған жобалар арасында Chery, Changan, Haval және Tank сияқты қытайлық брендтердің жеңіл автокөліктерін шығару, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий қаптамасы, тұрмыстық техника, болат құбырлар және текстиль өнімдерін өндіру бар.

Вице-министрдің сөзінше, осы кәсіпорындар толық қуатқа шыққанда өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына қосымша 2,3 трлн теңгеге өсуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы