«Омикрон» Алматыға жеткен сыңайлы – әкімдік

30 Желтоқсан 2021, 21:23
1493
Бөлісу:
«Омикрон» Алматыға жеткен сыңайлы – әкімдік

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров БАҚ өкілдерімен кездесу барысында қала «омикрон» штамына қарсы қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

Болжам бойынша ауруханаға түскендердің 10 пайызы ауыр халде болады.

Біздің пайымдауымызша, қаладағы вирус жұқтырған науқастардың шамамен 30-40%-ы  ковидті ауруханаға жатқызылады. Есеп бойынша ауруханаға түскендердің 10%-ы ауыр халде болады. Сондықтан реанимация дайындалды. Егер орын жетіспесе, оны кеңейтеміз, – деді ол.

Сонымен қатар ол вирустың жаңа толқыны келгенде жедел жәрдем стратегиялық рөл ойнайтынын айтып өтті. Қалада науқастарды ауруханаға жеткізетін жалғыз жол осы жедел жәрдем болып отыр. 103 қызметіне шалынған барлық қоңырау жағдайға қарай іріктеледі.  

Бабақұмаров сондай-ақ барлық аурухана науқастарды қабылдауға әзір екенін жеткізді. Науқастарды қабылдау жөніндегі стратегиялық жоспар әзірленген. Қаңтардың басында бүкіл денсаулық сақтау ұйымдары жаңа штамға қарсы жұмысты күшейтеді.

Бізге «омикрон» келген сыңайлы, өйткені вирус жұқтыру жағдайы күрт артты. Санаулы күн бұрын тәулігіне 30 науқас тіркелетін, ал қазір 60 жағдай анықталып отыр, яғни екі есеге артты. Ковидпен күрес жөніндегі штаб жаңа толқынның зардаптарын ескеру қажеттігін айтып жатыр. Қаңтар айында бәрі белгілі болады. Егер жаңа толқын келсе, ақпан-наурыз қиын болайын деп тұр, – деді әкімнің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы