Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

28 Қаңтар 2022, 10:43
3573
Бөлісу:
Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ара ұяларының санын 500-ден асырған шығысқазақстандық жас омарташы мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін өрге дөңгелентуде.

Алтай өңіріндегі ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігіне айналған омарташылық жайлы жиі айтатынымыз рас. Соңғы жылдары өңірімізде омарташылар саны көбейіп, өнім сапасы артып келеді. Оған омарташылық кәсіпке он жасынан бастап машықтанған жармалық жас омарташы Темірлан Ахмеджанов  та өзіндік үлесін қосуда. Алты жыл бұрын бірнеше ара ұясынан басталған кәсібі, бүгінде 500 омарта ұясын құраса,  оның өндірген бал өнімдерін Шығысқа ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел өңірлеріне экспортталып отырған жайы бар. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Омарташылық кәсіпке он жасымнан бастап ден қойдым. Бастапқыда омартасы бар ағама көмекші болдым. Көп адамдар омартамен жұмыс істеуден қашады. Өйткені, кейбіреуінде аллергиясы, енді біреуінде ыстыққа төзімсіздік деген сияқты аурулары бар. Сол себепті бұл іске менен артық көмекшінің жоқ екенін білген ағам мені осы кәсіпке тартты. Бірден аталмыш кәсіпке бауыр басып кеттім деп айта алмаймын. Алты жылдай жаз маусымында ағамның омартасында көмекші болдым. Осы уақыт аралығында бал шайқауды, ұя жасап, балауыз рамаларын құрауды үйрендім, – дейді «Тамирлан омартасы» шаруашылығының иесі Темірлан Ахмеджанов. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Бертін келе ойы жинақталып, бұл кәсіптің пайдасы ұшан-теңіз екеніне көзі жеткен ол бал аралары туралы түрлі кітаптар оқып, ғаламтордан материалдар жинақтай бастаған. 16 жасқа толғанда біраз жинаған ақшасына Қалбатау ауылында бұрыннан бері омарташылықпен айналысатын қариялардан 12 рамалы Дадан ұяларын сатып алып, өз кәсібібін бастауға бел буады. 

Осылайша, үш омарта ұясынан бастаған Темірлан, біртіндеп ара ұяларының санын көбейтіп, бүгінде олардың санын 500-ден асырды. Қыс мезгілінде омарта ұяларын Қалбатаудың өзінде қыстатып, жаз шыға жасыл желегі жайқалған жайлауларға шығаратын ол, жанына ата-анасын және бір жерлесін көмекке алған. Бал шайқап, балауыз сығу сияқты қарапайым шаруалар әрбір омарташының күнделікті күйбең тіршілігі екенін айтады. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Кәсібін кеңейте түспек

Кәсіпті 500 ұямен шектеп қалмауды ұйғарған ол, алдағы уақытта омартаны ұлғайту үшін канадалық технологияны қолданбақ. Яғни, қазірде жеке-дара тұрған ара ұяларын төрт-төрттен біріктіріп, жүк тиегіш техникалармен тиеуге жеңіл болуы үшін түпқоймаларға орналастырады. Бұл өз кезегінде омартаны жаз маусымында жайлауға, қысқа қарай қыстауға көшіру үрдісін жеделдетіп әрі жеңілдете түспек. Атап айтсақ, уақыт пен жұмыс күші үнемделеді. Сондай-ақ, ара ұяларының санын мыңнан асыруды межелеп отырған қалбатаулық омарташы, көрші Ресейден қажетті құрылғыларды қазірдің өзінде сатып алып жатқанын тілге тиек етті. Оған қоса, мың ұяны қыс маусымынан аман шығару үшін үлкен қора салып, ішін жабдықтамақ. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Ара ұяларының барлығын бір жерге ғана орналастырып қоймаймыз. Өйткені, 500 ұяны бір жерге топтастыру тіптен мүмкін емес. Сол себепті, ақ көрпенің шеті сөгіліп, аралар қысқы ұйқыдан оянған соң біраз уақыт Қалбатауда ұстаймыз. Өйткені, осы уақыт аралығында олар бой жазып, қанаттарын қатайтулары қажет. Сонан соң, ұяларды бөліп-бөліп көрші Божығұр, Ортабұлақ ауылдарынан бастап, Катонқарағай, Риддер, Алтай сынды өңірлерге де апарамыз. Мұндағы басты мақсат – гүлі мол егістіктер тауып, түрлі бал сорттарын жинау. Ұяларды егіс алқаптары гүлдеп, балшырын бөлінгенге дейін ұстаймыз, – дейді Темірлан Ахмеджанов. 

200 ұяны Божығұр ауылдық округінің аумағына орналастырған соң, қалған омарталар 80 ұядан бөлініп егіс алқаптары мол өңірлерге орналастырылады. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Божұғыр аумағынан бал аралары эспарцет, күнбағыс, қарақұмық, дольник, басқа да түрлі шөптерден бал жинайды. Сонымен қатар, басқа аудандарға орналастырылған ұялар арқылы сәлбен, рапс сияқты шөптесін өсімдіктер мен дәнді-дақылдардан жиналған бал өнімін шайқаймыз. Өзіміз жаз маусымында негізінен Божығұрда орналасқан омартада жұмыс істесек, қалған өңірлердегі ара ұяларына электр бақылағыш орнатамыз. Ол негізінен омартаны мал немесе аю кіріп кетуден қорғап тұрады. Сол маңдағы елді мекен тұрғындарымен де келісіп қоямыз. Осы уақытқа дейін, ара ұяларын ұрлау, оларды қиратуға қатысты оқиғалар орын алған жоқ, - дейді ол.

Жергілікті жерлердегі дәнді-дақыл егумен айналысатын диқандар оның мұндай әдісіне қуанбаса ренжіген емес. Өйткені, бал аралары егіс алқаптарын тозаңдандырып, егіс түсімінің бірнеше есеге артуына септішгін тигізетіні белгілі.

Арнайы білімді қажет етпейді

Әзірге омарташылық бағытта жоғары білімі болмағанымен, жақында инженер-механик мамандығы бойынша диплом алатынын айтқан Темірлан, болашақта омарташылық бағытында магистратуралық білім алуды ойластырып отырғанын жасырмады. Дегенмен, омарташылық кәсіпке арнайы оқу-тоқудың тым қажет еместігін алға тартқан ол, бұл істе адамның белгілі бір кәсіби деңгейге жетуде тәжірибенің болғаны маңызды екенін атап өтті. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Қыркүйектің соңына қарай, қара суық түсе барлық ұяларды Қалбатаудағы базаға жинақтап, басым бөлігін арнайы қыстау қораға орналастырамыз. Онда қыс бойы 0-ден +4С градусқа дейінгі мөлшердегі температура сақталады. Бұл температуралық режим бал арасы үшін өте қолайлы. Ал қалған 100-ден астам ұяны қармен жауып, қыс бойы қар астында қыстатамыз. Мұндай табиғи әдіс те бал араларын қыстатуға жақсы, – дейді Темірлан Ахмеджанов. 

Өнім түсімі маусымның жайына байланысты екенін айтқан Темірлан, құрғақшылық орнаған жылдары бал түсімінің азайып, жауын-шашыны мол жылдары көбейетінін атап өтті. Дегенмен, жылдың қандай болғанына қарамастан оның омартасындағы орташа түсім әр ұядан бір маусымда 50 келіге дейін жететін көрінеді.

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

50 келі балдың барлығын шайқап алмаймыз. Өйткені, бал арасының қыстан аман шығуы үшін шамамен 20-25 келідей бал қалуы керек. Сол үшін әр ұядан алынған балдың тең жарамын біз бал араларына қалдырамыз. Ал алған өнімдеріміздің біраз бөлігін Қалбатау ауылындағы өзіміздің дүкенде саудаласақ, қалған бөлігін ғаламтор арқылы еліміздің барлық өңірлеріне тапсырысқа сай «Қазпошта» арқылы жеткізіп береміз. Әзірге шетелдік нарыққа шыққан жоқпыз. Оның үстіне қазіргі мақсатымыз ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, – дейді Темірлан Ахмеджанов. 

Бал тұтыну нормасы әлі де болса жеткілікті деңгейде тұрмаған Қазақстанда ішкі нарықтың да пайдасы мол екенін айтқан ол, қазіргі уақытта омартасында балдан бөлек, бал өнімдерінің - гүлқамыр, гүл тозаңы, балауыз, аналық ара сүті, трутень сүті, балауыз күйесінің тұнбасын, кептірілген аралар, забрус, ұядағы бал, прополис тұнбасы мен жақпа майы сияқты емдік қасиеті бар түрлерін өндірумен де айналысатынын атап өтті. 

Омарташылық кәсіпке он жасынан машықтанған

Қазірде карпат және карника ара тұқымдарын араластырып баққан жас омарташы асылдандыру ісін де қатар жүргізіп отырады. Әзірге араның қос тұқымының қайсысы Алтай мен Қалбаның қытымыр қысына шыдамды екенін бақылап жүрген ол, әр үш жыл сайын Австрия мен Германиядан аналық араларды тапсырыспен алдырып отырады. 

Біз осылайша ара тұқымдарын әр үш жыл сайын жаңартып отырамыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан қолдау көріп те отырған жайымыз бар. Жалпы, бүгінгі таңда омарташылықты субсидиялау – ара тұқымын асылдандыру бағытына жасалатындықтан, асыл тұқымды аналық ара сатып алуға субсидия алып отырамыз, – деп қосты Темірлан Ахмеджанов.

Бұдан бөлек, 2020 жылы еліміздің «Сәби» қайырымдылық қорының өткізген «Өз бизнесіңді құр» конкурсында жеңімпаз атанып, 30 мың АҚШ доллары мөлшерінде гранттық қаржыға қол жеткізген Темірлан, бизнесін одан әрі дөңгелентуге мүмкіндік алды.

Өзгелердің жаңалығы