Олимпиада комитеті грек-рим күресінен 60 келіде спарринг неге өткізілмегенін түсіндірді

2 Шілде 2021, 18:50
4060
Бөлісу:
Олимпиада комитеті грек-рим күресінен 60 келіде спарринг неге өткізілмегенін түсіндірді

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. Грек-рим күресінен Токио Олимпиадасына 60 келіде баратын балуанға қатысты жанкүйерлер наразылық білдірген болатын. Осыған қатысты ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті жауап берді.

Грек-рим күресінен Токио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар анықталды. Жапонияда Қазақстан атынан үш балуан сынға түседі. Бірақ 60 келідегі Азия чемпионы Айдос Сұлтанғалидың Олимпиададан сырт қалғаны жанкүйердің біразының ашуын туғызған еді. Өйткені бұл салмақта ел намысын Мейрамбек Айнағұлов қорғайды. Соңғы кездері Айнағұловқа қарағанда Сұлтанғалидың көрсеткіштері жоғары болып жүргені жасырын емес.

Жаттығу процесін толықтай Күрес федерациясы жүргізеді. Біздің міндет – олардың жұмыстарына араласпау. Ал 60 келідегі балуандарға келсек, бұл ситуациядан хабарымыз бар. Бір айта кетерлігі, күресте жолдама жеке спортшыға емес, құрамаға беріледі. Сондықтан Олимпиадаға кімнің баратынын бапкерлер штабы шешеді. Алдағы дүйсенбі-сейсенбіде бұл салмақта кімнің баратынын нақты білетін боласыздар, - дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.

Жанкүйерлер екі балуан арасында спарринг өткізу қажет деп жазған болатын. Бірақ Олимпиада комитеті карантинге байланысты ол мүмкін емес деп отыр.

Ал спаррингке келетін болсақ, спортшылардың барлығы оқшауланған режимде. Сондықтан, тіпті, бүгін баспасөз мәжілісіне де спортшылар келе алған жоқ. Осы ретте карантинге байланысты спарринг өткізу мүмкін емес. Федерация дұрыс таңдау жасап, шын мықтыны апарады деп үміттенемін. Таңдау ешкімнің күмәні болмайтындай жасалуы тиіс. Біз кәсіби мамандарға сенім артамыз. Жалпы, бұл салмақтағы екі жігіт те мықты. Екеуі де Олимпиадаға бару лайықты.Бірақ бұл спорт. Біреуі ғана қатыса алады, - дейді Ұлттық Олимпиаданың хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы