«Өлең айтқандай»: Нығматулин министрге не үшін ескерту жасады?

13 Қазан 2021, 15:06
14987
Бөлісу:
«Өлең айтқандай»: Нығматулин министрге не үшін ескерту жасады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қатысты заң жобасының бірінші оқылымы өткен болатын.

Отырыс барысында мәжілісмен Жанат Омарбекова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа заң жобасына қатысты сұрақ қойды. 

«Заң жобасының нормаларына сәйкес, жылына 1500 және одан артық тонна шартты энергетикалық ресурстарды тұтынатын субъектілер энергиямен жабдықтау және энергиятиімділікті арттыруға жауапты тұлғаны тағайындауға міндетті. Осымен қатар, заң жобасы шеңберінде энергия менеджмент жүйесі енгізіледі. 

Олардың басты элементтерінің бірі – кәсіпорындарда энергиямен жабдықтау және энергиялық тиімділікті арттыру міндеттелетін энергия менеджерін тағайындау болып табылады. Осыған байланысты, бұл жағдайда жауапты тұлға мен энергия менеджерінің функциясында өзара қосарланушылық орын алмай ма? Заң жобасы бұл сәттер ескерілмеген» деп сұрады мәжілісмен министрден.

Сіз өте орынды сұрақ қойдыңыз. Біз энергия менеджерін құзыретті етіп анықтадық. Ал энергия менеджментті Заңға енгізбедік. Бұл қаржылық жағынан шығын деп айтуға болады. Сондықтан бізде бірінші реестрде 4 мыңнан артық компания бар. Біз оны энергия үнемдеу бойынша жауапты тұлға деп таныдық. Олар қазір энергия менеджерін қатар енгізіп жатыр. Бұл жауапты бір тұлға болады. Біз компаниялар санын 854-ке дейін қысқарттық. Олар энергия үнемдеу институтымен жұмыс істейтін негізгі тұлғалар болып табылмақ. Тұрақты түрде олар өз кәсіпорындары бойынша талдауларды бізге ұсынып отырады, - деп жауап берді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Бейбіт Бәкірұлы, жауабыңыз түсініксіз, «өлең айтқандай». Ән салдыңыз, болды... Сұрақ энергия үнемдеу бойынша жауапты тұлға және энергия менеджері туралы болған еді. Сұрақ нақты: қосарланушылық орын алды ма? Сіз өз жауабыңызбен қосарланушылықтың орын алғанын дәлелдедіңіз. Жауап болмаса, екінші оқылымға дейін басын ашып келіңіз, - деді Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Өзгелердің жаңалығы