Энергия үнемдеуге қатысты заң жобасы мақұлданды

13 Қазан 2021, 12:02
2948
Бөлісу:
Энергия үнемдеуге қатысты заң жобасы мақұлданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Мақсаты – кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту, жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада көзделген жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын одан әрі төмендету, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін жетілдіруге бағытталған.

Жалпы Заңның 9 бабына өзгеріс енгізіліп, 2 баппен толықтыру көзделген. Негізгі бағыттар – мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат. Біріншіден, елдегі тұтыну көлемінің үштен бірі тиесілі ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады. Олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ, - деді министр.

Сонымен қатар энергетикалық тізілім шеңберінде жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыру ұсынылып отыр. Мемлекеттік сектор үшін автоматтандырылған жылу пунктімен қамтамасыз ету туралы және басқа да ақпаратпен толықтыру арқылы кеңейту көзделеді. Мақсат – ең озық тәжірибелермен әрі қарай салыстыру және ұсыныстар дайындау көрінеді.

Екіншіден, энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау және қызметкерлердің лайықтылығын растайтын органдарға беру ұсынылады. Бұл шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, энергия аудитінің сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, заң жобасында энергия аудиттерін толық, мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеу көзделген, - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.

Ведомство басшысы мәлімдегендей, энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жергілікті жерлерде энергия үнемдеу шараларына бағытталған бағдарламалар жоқтың қасы көрінеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға үш жылға арналған жол карталарын қабылдау және іске асыру құзыретін беру ұсынылады.

Энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту және бюджет шығындарын азайту мақсатында келесі құралдар ұсынылады. Ол: мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін энергия тиімді мемлекеттік сатып алуды енгізу. Энергия тұтыну нормативтерін қабылдау, олардың сақталуына мониторинг жүргізу, бенчмаркинг және энергия тиімділік бойынша тиісті ұсынымдар беру, - деді министр.



Өзгелердің жаңалығы