Талғарда болған атышулы іс бойынша өтіп жатқан сотта айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұған дейін сотталушы Дархан Әскентай кінәлі деген жауабын жалған айтқан. Бұл туралы Тоқтаубаев сотта айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысында "Қамажай" дүкені алдындағы айыпталушылардың әрекеті түсіп қалған видео көрсетілді.
Прокурор Тоқтаубаевтан Дархан Әскентай жайлы бұған дейінгі жауабында неге теріс пікір бергенін сұрады.
Дархан жайлы мен жауап бергенде қарама-қайшы айттым. Себебі Дарханға ашулы болдым. Ол іске Дарханның мүлде қатысы жоқ. Ол ешкімді ұрмады, қолында ешқандай пышақ та болған жоқ. Бірақ оны да бізбен бірге жазаға тартылсын деп тарттым. Қазір ол жауабыма өкінемін. Дарханның біреуді ұрғанын көрген жоқпын. Өтірік айғақ беріп жібердім. Жала жапқан жоқпын, өтірік айғақ беріп жібердім, - деді Азамат Тоқтаубаев сотта.
Айтуынша, оқиға болған күні марқұм Шерзаттың достарын ол Дарханның достары деп ойлаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Талғардағы атышулы істің сотында айыпталушы Азамат Тоқтаубаев Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сотта жауап беруін жалғастырып жатыр. Белгілі болғандай, ол бұрын сотты болған.