Оқушы ұлттық нақыштағы «ақылды аула» үлгісін ойлап тапты

18 Наурыз 2021, 14:01
2331
Бөлісу:
Оқушы ұлттық нақыштағы «ақылды аула» үлгісін ойлап тапты

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушы Мират Жұмағұл ұлттық нақыштағы балалар алаңының үлгісін жасап шығарды.

Озық ойлы өреннің өзгеше талғаммен әзірлеген туындысы орындалу ерекшелігі, көркемдігімен жұртшылық назарын еріксіз аударады. Жас өнертапқыштың ұлттық-эко стильде жасаған балаларға арналған ойын алаңы «ақылды қаланың» барлық элементтері: күн батареялары, жарық, бейнебақылаумен жабдықталған. Сондай-ақ табиғи материалдар, жайлы жасыл көгалдар, ағаштар мен бұталар да экологиялық тақырыпқа сай жасалған. 

Мұндай ұлттық нақыштағы ойын алаңдары балалардың ғана емес, Көкшетау қаласы тұрғындарының да көңілінен шығады деп ойлаймын. Қаладағы аула ғимараттары бір-біріне өте ұқсас, ұлттық ерекшеліктердің болмауы алаңдатарлық мәселе. Облыс орталығында осындай ұлттық нақыштағы балалар аулалары көбірек болса деп армандаймын, – дейді Мират Жұмағұл. 

Жас өнертапқыш осы жобасын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында өткен «Менің кіші Отаным» байқауында сәтті қорғап, екінші орынды иеленді. 

Оқушы ұлттық нақыштағы «ақылды аула» үлгісін ойлап тапты

Байқау талаптарына сәйкес әрбір қатысушы елді мекеннің бір проблемасын таңдап, оны шешу жолдарын табуы тиіс болатын. Біз бірнеше нұсқаны қарастырдық, бірақ соңында балалардың ойын алаңдарына тоқтадық. Бүлдіршіндер бала кезінен ұлттық нақышты көріп, білуі керек, дәстүрлі ойындармен таныс болуы керек деп санаймын. Жобаны әзірлеу және үлгіні құрастыру шамамен екі аптаға созылды. Оған картон қораптар, бояулар мен өзге де материалдар пайдаландым. Осы идеяны жүзеге асыруға көрсеткен көмегі үшін мектебімнің география және тарих пәнінің мұғалімдері Зәуре Қалиева, Гүлжан Жаниенова мен Амангелді Қалымтаевқа алғысымды білдіремін, – дейді өнертапқыш. 

Ғылыми жоба жетекшілері мұндай ұлттық жобаларға оқушыларды көбірек тарту қажет деп санайды. 

Ең бастысы, оқушылардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде мұндай байқаулардың берері мол. Мираттың жобасы бойынша ауладағы темір әткеншектердің орнына алтыбақан қойылады. Сондай-ақ асық, тоғызқұмалақ ойналатын орындар да қарастырылған. Тербелмелі генераторлар қозғалыс кезінде энергия шығаратын етіп орналастырылған. Жел Қопа көлінен үнемі соғып тұратындықтан, энергия өндіруде ешқандай проблема жоқ. Көшеде ойнайтын балаларды «шаңырақ» күннен қорғайтын болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі – алаңдарда қазақтың ұлттық аспабы – домбыра қойылады. Жас өнертапқыштың ашқан жаңалығы – ұлттық жоба жемісі, – деп атап өтті Амангелді Қалымтаев.

Өзгелердің жаңалығы