Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бір оқулықтың салмағы 1-4 сынып оқушылары үшін 300 граммнан, 5-6 сыныптар үшін 400 граммнан, 9-сыныптан жоғары оқитындар үшін 600 граммнан аспуы керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен оқушылардың оқу жылына дайындығы туралы баспасөз конференциясында айтылды.
Баспасөз конференциясына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қатысты. Ол оқу процесінде мектеп оқулықтарының маңызы зор екенін айтты.
"Оқулықтарды ресми түрде оқулық сатуға рұқсат алған дүкендерден сатып алу керек. Ол жердегі оқулықтар талапқа сай болады", - дейді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері оқушылар сөмкесін таңдау кезде неге назар аудару керек екенін айтты.
"Сөмкенің қатты ортопедиялық арқалығы болуы тиіс, асынатын бауы жалпақ болуы және тұтқасы ұзындығы бойынша реттелуі, мектеп сөмкесінің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жас ерекшелігіне сәйкес келуі тиіс. Мектеп құралдарынсыз сөмкенің салмағы 1 кг-дан аспағаны дұрыс. Ауыр рюкзакты алып жүру сколиоз, остеохондроз, жарықтың пайда болуы сияқты аурулар тудыруы мүмкін", - деді ол.
Жандарбек Бекшин оқушының дұрыс тамақтануына қатысты мәселеге де тоқталып өтті.
"Ата-аналар балаларын үйдегідей тамақтандыру керек екенін жиі айтады. Үйдегідей тамақтандыру деген не? Ол - тәтті, ашты, майлы, тұзды тамақ жеу. Біз мұндай тамақ жеу зиян екенін айтамыз. Балаларды кішкентай кезінен осындай зиянды тағамдарға тәуелді болып қалмауға үйретуіміз керек. Сондықтан академик Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану академиясы оқушылардың жас ерекшелігі және жыл мезгілдеріне байланысты рационды тамақтану стандартын енгізді. Бұл дұрыс тамақтану стандарты былтырғы оқу жылынан бері мектептердің 65%-ына енгізілді", - дейді ол.
Бұған дейін еліміздің бас дәрігері Жандарбек Бекшин ұйқысы қанбаған баланың сабақтағы жұмыс қабілеті 30% төмендейтінін айтып өтті.