Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

29 Қазан 2021, 13:30
39291
Бөлісу:
Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп оқушылары арасындағы тәртіпсіздік алаңдайтын мәселеге айналды. Оқушылар арасында бір-біріне қатыгездік көрсетіп, өлімге дейін қиятын деректер көбейді. Оқыс оқиғаларға не себеп және олардың алдын алуға бола ма деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

«Кішкентай қателіктерге көз жұма қарау, үлкен қылмыстарға жол ашады»

Қазақстанның белсенді ұстаздарының бірі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, оқушылар арасындағы қатыгездікті жоюды жемқорлықтан бастау керек.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

Оқушылардың бір-біріне қатыгездігінің алдын алу үшін мектептегі ғана емес, қоғамдағы жемқорлықты жою керек. Кейбір ересектер балалардың аузындағысын тартып жеп жатқанда балалардан не күтесіз? АҚШ психологтары Джеймс Уилсон, Джордж Келлинг ашқан «Сынық терезе» теориясы бойынша «Кішкентай қателіктерге көз жұма қарау, үлкен қылмыстарға жол ашады», - дейді ол.

Өмір Шыныбекұлы мектеп оқушыларына қатысты әрбір келеңсіз жағдайды жеке зерттеу керек екенін жеткізді.

Ұлы жазушы Лев Толстойдың «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас. Ал әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» деген сөзі бар. Балалар арасындағы әрбір суицид педагог, психолог, социолог, құқық қорғау органдары, БАҚ және қоғам белсенділері өкілдерінің қатысуымен жеке-жеке жіті, терең зерттелуі тиіс. Әрбір оқиғаның себебі толық ашылмай, жалпылама әрекет жасау нәтиже бермейді,- дейді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, алдымен психолог мамандарды даярлау жүйесін өзгерту керек.

Мектеп мұғалімдерінің білімсіздігі туралы жиі айтылып жүр. Оның төркінін сапасыз білім беретін ЖОО-ның көптігінен іздеп жүрміз. Ол сын мектеп психологтарына да қатысты деп ойлаймын. Яғни, алдымен психолог маман дайындау жүйесін өзгерту керек. Жүйелі жұмысты сапалы маман ғана жүргізе алады, - дейді ол.

Шыныбекұлының айтуынша, БҒМ Батыстан оқытудың неше түрін әкелді, арасында «тәрбие» дегеннен ештеңе жоқ.

Сөйлесін сандар

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 7 жылда елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 64 пайызға төмендеген. 2020 жылдың соңында тағы 29%-ға азайған.

Кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтарды зерттеу барысында олардың көпшілігінде ата-аналар тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан жасалған.

Осы жылғы 8 айда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 30,6%-ға немесе 1231-ден 854-ке дейін қысқарған.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты нысанаға алу және балалардың құқықтарын қорғауға жағдай жасау үшін полиция қызметкерлері тұрақты түрде арнайы жедел алдын алу шараларын жүргізеді, - деді министрліктегілер.

Жыл сайын 100 мыңға жуық кәмелетке толмаған азамат түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына жеткізіледі екен.

Негізінен жасөспірімдер түнгі уақытта тұрғын үй-жайдан тыс жерде және ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің қарауынсыз болғаны үшін ұсталады.

Бүгінгі таңда профилактикалық іс-шаралармен 5 мыңнан астам кәмелетке толмаған, сондай-ақ 11 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатқан 7 мыңнан астам әлжуаз отбасы қамтылып отыр.

Жыл сайын кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін 40 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

2019 жылдың сәуір айынан бастап ішкі істер органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасылардың медициналық-әлеуметтік есебін жүргізу, оларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету, бейімдеу және оңалту жергілікті атқарушы органдарға заңды түрде жүктелді, - делінген хабарламада.

Наурыздан бастап ІІМ «Еуразия» бірінші арнасымен бірлесіп өзін-өзі қорғау мен қауіпсіздік сабақтарының кешенді циклін жүзеге асыруда.

Сондай-ақ министрлікте кылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан жасөспірімдердің ауыр қылмыс жасау деректері әлі де бар екенін айтты.

Соңғы жылдарда оқушылар жанжалының нәтижесінде балалар көз жұмған оқиғаларды еске алсақ.

2014 жыл. Елорда

2014 жылдың 16 қыркүйегінде №76 орта мектепте сыныптастар арасында дау туындап, оқушының біреуі екіншісінің кеуде тұсынан қаламсаппен ұрады. Бұл соққыдан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмады. Кейін соққы жасаған оқушының психикалық ауытқушылығы бар екені анықталған. Осыған дейін ол үйде білім алып, 2014 жылы ғана орта мектептен білім алуға шығады. Нәтижесі осындай болған. Сыныптасын өлтірген А. есімді бала бұрын қылмыс жасауға бейім адам ретінде полицияның есебінде тұрған екен.

2019 жыл. Шалқар

2019 жылдың 28 қаңтарында Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы төбелесте мектеп оқушысы қайтыс болды. Қаланың екі ауданының оқушылары Шалқар көлінің жағасында төбелес ұйымдастырады. Тәртіпсіздік кезінде бір бала пышақталады. Ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмады. Қайтыс болған 10-сынып оқушысы бокспен айналысқан. Осындай оқиғалардан кейін Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандар ісі жөнінде шұғыл отырыс өткізеді. Оған жасөспірімдер арасындағы төбелестің көбеюі себеп болған. Алдын алу шараларына қарамастан жақында Түркістанда осындай жағдай қайталанды.

2021 жыл. Түркістан

Дауы басылмаған оқиға. Биылғы қазанда Түркістанда 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Сыныптасы оны ақша тауып бере алмағаны үшін мектеп дәретханасында ұрып соққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ауруханада көз жұмды.

Қайтыс болған Рамазанның әжесі Гүлнар Маханованың айтуынша,  немересі сабақтан таяқ жеп келген.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

Денесі ауырып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүрген. Дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлаған. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сыныптасынан таяқ жегенін айтып берген. Оны дәретхананың ішінде ұрған. Басынан қатты соққы алған. Басына қан ұйып, кейін тамыры қысылып қалған. Бүйрегі де ісіп кеткен. Немеремді ұрған бала «мен осы сыныптың атаманымын» деп, жуас балаларды қорқытып, тиын-тебен алады екен. Мұны басқа ата-аналар да біледі. Бұл сонда әлімжеттік боп тұр ғой, – деді БАҚ өкілдеріне қайтыс болған баланың әжесі Гүлнар Маханова.

Он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Ол мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап етіп отыр. Істі облыстық құзырлы органдар бақылауға алды. Түркістан қаласы полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша заң аясында нақты шешім қабылданады.

2021 жылы. Алматы облысы


27 қазан күні Панфилов аудандық орталық ауруханасына Пенжім ауылындағы мектеп аумағынан 16 жасар жасөспірім дене жарақатымен келіп түседі. Тексеру барысында 9 және 10-сынып оқитын екі оқушының арасында ауызша дау-дамай туып, арты оқушылар арасындағы төбелеске ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша ҚК 106-бабының 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

Зардап шегушінің жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Ауыл азаматтарымен аудан әкімі, ақсақалдар және Алматы облысы ПД бастығы тарапынан кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қақтығыс ұйғыр мен қазақ оқушыларының арасында болған. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бұл оқиғадан этносаралық негіз іздемеуге шақырды. Себебі бұл елді мекеннің тұрғындары бұрыннан тату-тәтті тұрған.

БҒМ не істейді?

Жоғарыда жазып өткен Түркістанда болған жағдайдан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы өңірге аттанады. Онда жағдаймен танысып, талдау жүргізеді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша шаралар қабылданатынын да жеткізді.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

Бұл - өте үлкен трагедия. Қазір Түркістан облысының бірқатар білім беру ұйымында осындай фактілер бар екенін көріп отырмыз. Өңірге кеткен әріптестеріміз мектептің қызметімен танысты. Әрине, әженің сөздері қаншалықты дұрыс немесе дұрыс емес екені туралы айтуға әлі ерте. Біз тергеу нәтижелерін тиісті органдардан күтеміз, - деп айтты министр.

Министр мектептің оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда оқу жоспарының сәйкессіздігі түріндегі елеулі бұзушылықтар анықталғанын айтты.

Министр бұзушылықтар үшін мектеп әкімшілігіне тергеуден кейін шаралар қабылданатынын да жеткізеді. 

Осындай жағдайлардың көбеюіне қатысты Білім және ғылым министрлігінен қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрап білдік.

Қазіргі кезеңде БҒМ ҚР Ішкі істер министрлігімен өзара ынтымақтаса мүдделі мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінің қатысуымен 4 мыңнан астам рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар тұрақты негізде (тоқсан сайын) өткізіледі.Сонымен қатар «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» және «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты іс-шаралар аясында 754,9 мың оқушы мен 276,3 мың ата-ананы қамти отырып, 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді, - дейді министрліктегілер.

Сондай-ақ БАҚ-та 6 мыңнан астам жарияланым мен сөз сөйлеу ұйымдастырылған.

Бұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың саны екі есеге артып, белгіленген нормативтерге жеткізілді, - делінген жауапта.

Мектеп психологтарының жұмысты ұйымдастыру жүйесі туралы да білдік.

Білім беру ұйымдарындағы оқу процесі «Білім туралы» ҚР Заңына және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын айқындайтын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес («Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығы) педагог-психологтың міндеттері белгіленді, - дейді олар.

   Қылмыскер балалар қалай түзеледі?

Республика бойынша балалар колониясы тек Алматы қаласында бар. ЛА-155\6 мекемесінің іргесі 1941 жылы қаланған. Сотталған балалар саны көп кезде осындай түзету мекемесі үш жерде болған. Түзету мекемесіне келетіндер саны соңғы үш жылда 50-дің шамасында болған екен.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

Себебі 2015 жылы Қылмыстық кодекске қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында тек ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған балалар ғана сотталатын болды.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару комитетінің мәліметінше, қазір түрмеде 50 ұл бала және 1 қыз бала жазасын өтеп жатыр. Көп жағдайда бұл жерге адам өлтіргені мен зорлық-зомбылық жасағандар келеді.

Оқушы әлімжеттігі: Қатыгез ұрпақ алдында қалтыраған қоғам

50-дің ішінде 37 бала ауыр қылмыс жасаса, 13-і аса ауыр қылмыс жасаған. Олардың жасы 14-18-ді құрайды. Сот шешімі бойынша 13 бала сотталған.

Сайып келгенде мектептегі жанжалдардың себебі тереңде жатқан тәрізді. Ол үшін кешенді, жүйелі жұмыс істеу керек екені тайға таңба басқандай. Біздің елдегі мектептерде сапалы білім алу емес, оқушылардың қауіпсіздігі басты мәселеге айналды.

 

Өзгелердің жаңалығы