Оқу орнына кіргізбей, кедергі жасады. БҒМ Астана университеті туралы айтып берді

18 Ақпан 2021, 16:31
2358
Бөлісу:
Оқу орнына кіргізбей, кедергі жасады. БҒМ Астана университеті туралы айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де жоғары білім сапасын арттыру бойынша өткен брифингте БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова журналистер сұрағына жауап берді.

Былтыр Астана университетінің 4-курс студенттері министрлікке шағымданған болатын. Студенттердің үндеуінде оқу процесінің бұзылғандығы туралы мәліметтер айтылған. Осы студенттердің мәселесі қалай шешілді? – деп редакциямыз ОКҚ-ге өткен жылы туындаған мәселеге қатысты сұрақ жолдады.

Өкінішке қарай, ол университет (ред. – Астана университеті) бойынша қаншалықты білім сапасын қамтамасыз ете алатынына байланысты сұрақтар бар. Себебі, өздеріңіз білетіндей, қаншама тексеруге мүмкіндіктер болды. Алайда университет өз тарапынан комиссия мүшелерін оқу орнына кіргізбей, кедергі жасады. Сондықтан әлі де тиісті тексеріс жұмыстары жүргізілмеді, - деп атап өтті комитет төрайымы.

Оның сөзінше, университет заңға сәйкес өз құқықтарын пайдалана отырып, сотқа жүгінді.

Тиісті сот процестері жүріп жатыр. Сондықтан біздің мәліметіміз бойынша бүгінгі күні университеттің кейбір студенттері басқа ЖОО-ларға ауысып жатыр. Бірақ сапа бойынша сұрақ бар. Неге деген сұрақ туындайтын болса, әлі де өтініштер, қоңыраулар бар. Оқытушылар жеткіліксіз. Ғылыми, дипломдық жұмыстарды даярлау үшін жетекшілер жоқ деп те айтады, - деді ол. 

Көбенова былтыр жазда студенттер дипломдарын уақытылы ала алмағанын және әлі де мұндай сұрақтар шешілмегенін айтты. 

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте Астана университеті студенттері Білім және ғылым министрлігіне ұжымдық үндеу жолдады. Құжатта студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерінің, сондай-ақ оқу процесінің бұзылғандығы туралы мәліметтер жазылған.


Өзгелердің жаңалығы