Өкпе обырына әйелдерге қарағанда ерлер көп шалдығады

25 Сәуір 2024, 08:27
238
Бөлісу:
Өкпе обырына әйелдерге қарағанда ерлер көп шалдығады
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Өкпе обыры бүкіл әлемде таралу жағынан бірінші орынды иеленеді. Сол үшін де флюорографиядан өтудің маңыздылығы мен темекі өнімдерін тұтынудың зияны туралы жиі айтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өкпе ауруларының себептері мен симптомдары туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері, торакалды хирург, онколог Нұртас Қалибеков сұхбат барысында айтып берді.

- Нұртас Айдарғалиұлы, өзіңіздің жұмысыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз...

- Мен бірінші санаттағы дәрігер-хирургпын, нақтырақ айтқанда, торакалды хирург әрі онкологпын. Біз көпсалалы хирургия орталығының бір бөлігі болып саналамыз. Қалқанша безі, өңеш, асқазан, жіңішке, тоқ ішек пен тік ішек, сонымен қатар өкпенің қатерлі ісіктерін хирургиялық емдеумен айналысамыз. Орталықта торакалды орталық бар, ол жерде кеуде жасушасы мен өкпені емдейтін дәрігерлер бар. Ғылыми орталық онкологиялық болып саналатындықтан біз өкпе обырын емдеуге маманданамыз.

- Өкпе обырына көбінесе кімдер шалдығады? Ауруды анықтаудың қандай факторлары бар?

- Өкпе обыры – кешенді және жоғары білікті тәсілді талап ететін ең күрделі, қауіпті және кең таралған онкологиялық аурулардың бірі. Ол әлемде таралуы жағынан бірінші орынды иеленіп отыр. Бұл ісік көбінесе ер адамдарда жиі кездеседі, ал әйелдер арасында таралуы бойынша төртінші орында тұр. Өкпе обыры көп жағдайда ересек жастағы адамдарға тән. Онкологияның осы түріне шалдыққан пациенттердің басым көпшілігі – жасы алпыстан асқан жандар. Негізінен өмір бойы темекі шеккен ер адамдар ауырады. Бірақ соңғы уақытта жастар арасында кездесуде.

- Адам өзі немесе жақыны өкпе обырына шалдыққанын қандай белгілер арқылы білуі мүмкін?

- Бастапқы сатысында өкпе обырының ешқандай симптомдары болмайды. Өсуіне қарай ісік кезінде жөтел, алқыну мен қақырықта қанның пайда болу белгілері кездеседі. Көптеген пациент ештеңеге шағымданбайды, ал проблема тек профилактикалық тексеру кезінде анықталады.

Бізде қазақ халқы өзін-өзі емдеумен айналысқанды жақсы көреді және аурудың бастапқы симптомдары пайда болған кезде созылмалы бронхитпін деп жүре береді. Тек жөтел 2-3 айдан асып кеткен кезде ғана дәрігерге жүгінеді.

Мен дәрігер ретінде адамдарға жыл сайын флюорографияға түсіп, рентгеннің көмегімен тексеріліп тұруға кеңес беремін. Өкпеде қандай да бір дақтар анықталған жағдайда пациентті компьютерлік томографиядан өтуге жібереміз. Компьютерлік томографияның нәтижелері бойынша радиолог-дәрігерлер сізді сәйкес маманға жібереді.

- Шылым шегу ісіктің дамуын қоздыратын факторлардың бірі болып саналатыны белгілі. Ал қорқор (кальян) туралы не айта аласыз?

- Ғылыми тұрғыда шылым шегуден пайда болатын өкпе обыры барлық онкологиялық аурулардың 85 пайызын құрайтыны дәлелденген. Әрине, обырдың дамуына өзге факторлар да, соның ішінде, генетика мен экология да әсер етеді. Қорқор мен өзге де электрондық табак өнімдерін шегу денсаулыққа зиян келтіреді. Ондай құралдарды шеккен кезде көптеген жағдайда адамның өкпесі зардап шегеді. Қорқорда кеуде жасушасына жағымсыз әсер ететін никотин, бояғыштар мен хош иістендіргіштер бар.

- Ал туберкулез өкпе обырының пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін бе?

- Туберкулез бен өкпе обыры- екеуі мүлдем екі түрлі ауру болғанымен, кейбір сыртқы белгілері ұқсас болып келетіндіктен диагностика жасау кезінде қиындықтар тудыруы мүмкін. Мысалы, пациент ауруханаға өкпесінде дақтың болуымен түседі. Мұндай көрініс туберкулез кезінде де, өкпе обырында да байқалуы мүмкін. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін біз пациентті гистологиялық талдауға жіберіп, диагнозды нақтылаймыз. Биопсия кезінде тін адамның денесінен алып, микроскоптың астында зерттеледі.

Туберкулез өздігінен өкпе обырын тудырмайды. Алайда кез келген адамда бір уақытта туберкулез бен қатерлі ісік пайда болуы мүмкін.

- Елімізде туберкулездің алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіледі?

- Жыл сайын 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулездің алдын алу бойынша айлық өтеді. Бұл 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орайластырылады. Біз өкпе обырын емдеуге маманданғандықтан фтизиатр-дәрігерлермен тығыз жұмыс істейміз. Олар бізге пациенттерге консультация өткізуге көмектесіп, бөлімшеміздің мамандарына дәріс оқиды.

Сондай-ақ пациенттер арасында туберкулездің алдын алу шараларын белсенді түрде насихаттаймыз, оларға гигиена ережелерін үйретіп, фтизиатрға тұрақты қаралып тұруға шақырамыз. Өзара қолдау көрсетіп, фтизиатр-дәрігерлермен жұмыс істей отырып, біз емдеудің тиімділігін арттырып, пациенттер үшін болжамды жақсартамыз деп есептейміз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы